Отан қорғаушы күніне орай өтетін мерекелік шаралар Алматыда дәстүрлі түрде бірінші қорғаныс министрі, Ұлы Отан соғысының ардагері, бірінші Халық қаһарманы армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов тұрған үйдің жанына гүл шоқтарын қоюдан басталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Шараға Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы – Алматы өңірлік гарнизонының бастығы генерал-майор Алмаз Жұмакеев, Қазақстан Қарулы күштерінің ардагерлері, әскери оқу орындарының курсанттары және "Жас сарбаз" республикалық әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері қатысты.
Сағадат Нұрмағамбетов талай сыннан өткенмен, тағдыры жарқын адам. Ата-анасынан ерте айырылып қалып, ағасы Сағиттің отбасында тәрбиеленеді. Ұлы Отан соғысы басталған кезде үлкен ағасы Сағит бірінші болып соғысқа аттанып, көп ұзамай қаза тапты. Одан кейінгі шақырту Сағадатқа келді. Ол Түрікменстандағы пулемет учлищесін бітіріп, 1942 жылы майданға жіберілді. Солтүстік Кавказдан Берлинге дейін жетіп, батальон командирі кезінде жеңісті қарсы алды. Оның батальоны гестапо штабын басып алу және Рейхстагқа шабуыл жасау кезінде қанды шайқастарға қатысты. 1945 жылы Сағадат Нұрмағамбетов Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды.
Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов өмір сүрген үйдің жанындағы мемориалдық тақтаға гүл шоқтарын қойғаннан кейін гарнизон әскери қызметшілері батырдың ерлігіне құрмет көрсетіп, салтанатты маршпен жүріп өтті.
– Қарулы күштермен байланысты барлық мерекелік іс-шаралар әрқашан Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовті еске алудан басталады. Биылғы жыл ерекше. 25 мамыр – оның 100 жас мерейтойы. Армия генералы Нұрмағамбетовтің тәуелсіз Қазақстанның Қарулы күштерін құрудағы сіңірген еңбегі зор, сондықтан біз оны жадымызда сақтап, құрметтеуге тиіспіз, – деді экс-қорғаныс министрі генерал-полковник Әлібек Қасымов.
Сағадат Қожахметұлының немересі Айжан Нұрмағамбетова атасы туралы естеліктерін әңгімелеп, атасы үшін Парыз, Ар-намыс пен Ерлік жай сөздер ғана емес екенін айтты. Бұл қасиеттер атамның ұстанымы болды. Ол тек бағыныстыларға ғана емес, өзіне де қатал, талапшыл болды деді.
Шара әрі қарай 28 панфиловшы-гвардияшылар саябағында жалғасты, онда Алматы өңірлік гарнизонының басшылығы мен Қарулы күштердің ардагерлері Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойып, гарнизонның әскери қызметшілері салтанатты маршпен өтті.
Оқи отырыңыз: Биыл Отан қорғаушы күнін ерекше жағдайда атап өтіп отырмыз — министр