Жаңаөзендегі «Өзенмұнайгаз» жұмысшыларының жалақысы 20 пайызға артты

Фото: ашық дереккөзден
Фото: ашық дереккөзден
Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы АҚ басқарма төрағасы Алик Айдарбаев мәлім етті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жаңаөзендегі «Өзенмұнайгаз» АҚ жұмысшыларының еңбекақысын арттыру туралы шешім қабылданды. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы АҚ басқарма төрағасы Алик Айдарбаев мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Биыл 14 ақпанда Жаңаөзендегі «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның бұрғылау басқармасының бір топ қызметкері жұмысын тоқтатты. Олардың талабы жалақыны кемінде 41 пайызға өсіру. Мен жағдайды естіген соң, бірден Жаңаөзенге бардым. Сол күні «Өзенмұнайгаз» басшылығы және кәсіподақ мамандарымен келіссөз жүргізілді. Шұғыл жиында жұмысшылардың талаптары мен оны орындаудың ықтимал жолдарын талқыладық. Сондай-ақ, басшылықтан бөлек, жұмысшылармен кездесіп, олардың өтініш, ұсыныстарын тыңдадым», - деді Алик Айдарбаев Маңғыстау облыстық қоғамдық коммуникация орталығында онлайн өткен баспасөз мәслихатында. 

Ұлттық компания басшысының айтуынша, «Өзенмұнайгаз» АҚ жұмысшыларынан бөлек, оған қарасты мердігер компаниялардың да қызметкерлері жалақыны көтеруін талап етіп, жұмысын тоқтатқан. 

«Мұнайшылармен келіссөздер күні бойы жүрді. Оның нәтижесінде жағдайды тұрақтандыру және кәсіпорынның жұмысын тоқтатпау туралы келісімге келіп, жұмысшылардың жалақысы көтерілетін болды. Бұған дейін 2020 жылдың желтоқсан айында жалақы 10 пайызға артса, енді жаңа келісім бойынша тағы 20 пайызға арттыру туралы келісім жасалды. Осылайша биыл жыл басынан жұмысшылардың жалақысы 30 пайызға өсетін болады», - дейді ол. 

Сондай-ақ, басқарма төрағасы өсірілген жалақы көлемімен жұмысшылардың дені келіскенін айтты. 

«Дегенмен кейбір жұмысшылар жалақыны 40 -50 пайызға көтеруді талап етіп отыр. Бізге 20 пайызға арттыру шешімі оңайға соққан жоқ. Биыл одан артық жалақы көтерілмейді, бұл соңғы шешім. Сондықтан жалақыны өсіруді талап етуші жандардан түсіністікпен қарауын сұраймын», - дейді А. Айдарбаев.


Новости партнеров