Елге шегіртке қаптатып алғанымызды жасырмаймыз – вице-премьер

05.06.2024 22:48

Биыл Қазақстан шегірткемен күреске алғаш рет дрондар пайдаланады

Фото: Үкімет

Мәжілістің жалпы отырысынан кейін өткен брифингіде БАҚ өкілдері Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннен Қазақстанға қаптаған шегірткенің астық нарығына әсері қандай болатынын сұрады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі 

Оның айтуынша, шегірткенің астыққа тигізер зияны ұшып келген санына емес, жұмыртқа салған аумағына байланысты.

- Шегірткеге қатысты айтсақ, былтыр жіберіп алдық. Оны жасырмаймыз. Шегіртке қаптап кетті. Жалпы ұшып жүрген шегіртке қауіпті емес. Түптеп келгенде қазір Еуропада, Америкада ұшып жүрген шегірткемен ешкім жұмыс істемейді. Біз Қазақстан ғана жұмыс істейміз. Неге? Өйткені олар ұшып-қонған сайын үлкен аумақтарға жұмыртқа тастайды. Былтыр қосымша 1 млн гектар аумаққа шегіртке тарады. Оның алдындағы 1,5 млн гектарды қоссақ, 2,5 млн гектар аумаққа тараған болып отыр, - деді вице-премьер.

Сондай-ақ ол биыл Қазақстан шегірткемен күреске алғаш рет дрондар пайдаланып бастағанын еске салды.

- Биыл бюджетке санитария мақсатындағы 100 барлаушы дронның сметасын енгіземіз. Бұл аталмыш жұмысты жолға қою үшін қажет, - деді С.Жұманғарин.

Оқи отырыңыз:Қызылорда облысында заңсыз балық аулаған тұрғындар ұсталды