Жексенбілік жұмыс: Бақытжан Сағынтаев Алатау мен Наурызбай ауданы тұрғындарымен кездесті

Стопкадр Almaty.tv
Стопкадр Almaty.tv
Алатау ауданы бойынша 4 мың жарық шамы қойылмақ
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алатау мен Наурызбай аудандарының тұрғындары өздерінің көкейтесті мәселелерін Бақытжан Сағынтаевқа жеткізді. Олар шағымдарын қала әкіміне әлеуметтік желі арқылы жолдаған. Теректі, Алғабас, Рахат және Ақжар ықшамаудандарына арнайы ат басын бұрын көпшіліктің көкейіндегі уәжін тыңдаған әкім барлық шағымдар бойынша тиісті тапсырмалар жүктеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ауыз су, жол, жарық – қалаға жаңадан қосылған елдімекен тұрғындарын әуелгі кезекте алаңдататын мәселелер осылар. Бұған қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Теректі, Алғабас, Рахат сондай-ақ Ақжар ымшамаудандарын аралау барысында көз жеткізді.

«Қаламыз жақсы, бірақ жолымыз нашар. Суымыз ішуге жарамайды, жарық мәселесі әлі шешілген жоқ. Жел болса, жарығымыз жалп етіп, сөнеді де қалады. Сондықтан сіз келді деген соң жағдайды айтайын деп, жүгіріп шықтық. Проблемамызды шешіп берсеңіз», – деді тұрғындар.

Қала әкімі тұрғындар тарапынан түскен әрбір сауалды жіті зерттеп, аудан әкімдеріне нақты тапсырма берді. Аудан басшылары 1 тамызға дейін әр алматылықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған жұмыс жоспарын әзірлеп, Сағынтаевқа көрсетулері тиіс. Әкім Наурызбай ауданына тағы да ат басын бұрды. Шаһар басшысымен кездескен Ақжар ықшамауданының тұрғындары электр жарығының жоқтығын, тозығы жеткен жол, қоғамдық көлік жетіспеушілігін және ауыз суға қатысты мәселелерді көтерді.

«Су мәселесі шешілмей тұр. Суда арын жоқ. Мысалы 2 қабатты үй болса, екінші қабатқа су мүлдем көтерілмейді. Жаңбыр жауса, су лайланып кетеді.  Оны ішу тіпті мүмкін емес», – дейді ақжарлықтар.

«Ең бастысы, біз қазір суды таудан алуды қарастырып жатырмыз. Құжаттарының барлығы дайын, тек министрлік жаңадан ашылды ғой, бізге олардың рұқсаты керек. Сол рұқсатты  алғаннан кейін құжаттарын рәсімдеп, келесі жылдан бастап суды тартамыз», – деді қала әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Алатау ауданының тұрғындарын да ауыз су, жол, жарық, мәселесі қатты алаңдатады. Тұрғындармен тілдесуге барған қала әкімі Бақытжан Сағынтаевқа көпшілік осындай уәж айтты. Шаһар басшысы «Теректі», «Алғабас», Рахат» шағын аудандарына арнайы барып, күрмеуі шешілмей жатқан күрделі мәселелерді өз көзімен көріп шықты. Әкім, қалалық энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының басшысы Әсет Масабаевқа ашық жатқан тоқтарды дереу шешіп, жарық құнына бекітілген тарифтің ашық болуын қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл шаруа 1 қазанға дейін атқарылуы керек.

Жол сапасының сын көтермеуі де көпшіліктің көкейтесті мәселесіне айналған. Себебі, қалаға жаңадан қосылған елдімекендердегі инфрақұрылым әлі де ақсап тұр. Әкім бұл істердің кезең-кезеңімен істе асатынын ескертті. Бақытжан Сағынтаев жолдарды қайта-қайта қазбау үшін ең әуелі кәріз бен орталық су жүйесін реттеу қажет деді.

«Жолдың қашан жөнделетінін нақтысыланғанда айтамыз. Өйткені, алдымен су әкелу керек. Судан бұрын жол жасап қойса, су келген кезде жолды қайта бұзуға тура келеді, Ал жарықты жөндейміз, оның жарасы жеңіл. Қаржысың көзін табамыз. Қазір тапсырма берілді. Бірінші кезекте жасалады», – деді әкім.

Қала әкімі қолға алған соң, осыған дейін мүлдем шам жанбаған 200-ден астам көшеге жарық орнатылатын болды. Жалпы, Алатау ауданы бойынша 4 мың жарық шамы қойылмақ. Ал, шаһар басшысы әлеуметтік мәселелерді алдымен шешу керектігін қатаң ескертіп, тиісті басшыларға тапсырма жүктеді.

Сонымен қатар, аталған ықшам ауданның тұрғындары пәтер ұрлығының көптігін айтып шағымданды. Сондықтан, Бақытжан Сағынтаев полиция департаментінің бастығы Серік Күдекбаевқа ұрлықпен күресті күшейтіп, криминогендік жағдайды ерекше бақылауға алуды тапсырды. Осы орайда аудан әкімдері тұрғындармен жиі кездесіп аумақтағы мәселелерді шұғыл шешуге міндеттелді.  Айта кету керек, шаһар басшысы Алматының шет аудандарының дамуына айрықша көңіл бөледі. Сол себепті «Шетсіз қала» қағидаты бойынша жұмыс істейді.

Новости партнеров