Алматыда №118 және №27 автобустардың бағыты ұзарады

Алматыда №118 және №27 автобустардың бағыты ұзарады
Наурызбай ауданында 115 аялдама бар, оның 94-і аудан ашылғалы бері орнатылған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Наурызбай ауданындағы кейбір қоғамдық көліктердің бағыты жаңарады. Дәлірек айтсақ, тұрғындардың талабы бойынша, №118 бен 27-автобустардың соңғы аялдамасы ұзартылмақ. Бұдан бөлек, жаңадан салынған мектеп пен бала-бақшаның жобалық-сметалық құжаты пысықталуда, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қоғамдық көлікпен діттеген жеріңе жету мұң. Себебі аялдамалар дұрыс орнатылмаған дейді наурызбайлықтар. Сонымен қатар автобустардың арасы да 40 минутқа дейін созылатын көрінеді.

«№137 автобустың кемшілігін айта кетсем. Автобус негізі Абай көшесінен бұрылған жердегі аялдамаға тоқтап, сол жерде тұрған адамдарды алып, төмен түсіп кетуі керек. Ал жүргізушілер бағыттың соңына дейін бармай, «біздің уақыт бітіп кетті, кептелісте тұрып уақыттан ұтылып қалдық» деп, жолаушыларды жарты жолдан тастап кетеді. Сондықтан бізге  әрі қарай тағы екі аялдама жаяу жүруге тура келеді», – дейді жолаушылар.

«Бархолка базарына қатынайтын көлік аз. Әсіресе, Райымбек даңғылымен небары төрт қоғамдық көлік қана жүреді. Автобус ішінде адам көп, үнемі айғай-шу болады да жатады. Негізі халық Райымбек даңғылында көп жүреді.  Таңертең, кешке жұмысқа жету қиын. Қоғамдық көлікке сыймаймыз», – деді тағы бір тұрғын.  

Осындай олқылықтарды шешу үшін, осы аптаның сәрсенбісі күні №118 бен №27-ші  автобустардың соңғы аялдамасы ұзартылып, 15 аялдама қойылады.

«Қазіргі таңда Шақабаев және Жүнісов көшелерінің қиылысында №118 және №27 автобустардың соңғы аялдамасы орнатылған. Оларды қазір әкімшілік орталыққа дейін созамыз. Аудан ашылғалы бері 4 жаңа бағыт ашылды. Екі бағыт қайтадан іске қосылды. Жалпы, 20 осы аймақта бағыт қызмет көрсетеді.  12 бағыттағы автобустардың барлығы түгел жаңартылған. Ауданымызда 115 аялдама бар. Оның 94-і осы аудан ашылғалы бері орнатылды. Биыл қосымша 15 аялдама кешенін орнату үшін жұмыстар басталып кетті», – деді Алматы қаласы Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары Бағлан ДАНДЫБАЕВ.

Құрылғанына бес жыл болған ауданда бой көтеріп жатқан жаңа тұрғын үй  кешендерін ескере отырып, «Қалқаман» ықшам ауданында 1200 орынға шақталған жаңа мектеп салынбақ. Бүгінде әлі жобалық-сметалық құжаты жасалынып жатқан білім ордасының алғашқы кірпіші бір жылдан кейін қаланады деген жоспар бар.  

«№186 мектептің аумағында 120 орынға арналған бала-бақша құрылысы және жапсарлас ғимарат салу үшін жобалық-сметалық құжат әзірленген. Сонымен қатар, №187 мектептің аумағында 120 орынға арналған бала-бақша құрылысының құжаты әзірленген. Келесі жылы бюджеттен қаражат бөлген жағдайда, осы құрылыстар басталады», – деді Алматы қаласы Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары Бағлан ДАНДЫБАЕВ.

Келесі жылы салынып басталатын «Қалмандағы» жаңа мектеп орын тапшылығы мәселесін түбегейлі шешпек.  

йкерім Ердәулетқызы,  Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров