|
06.03.2019 | 17:51
6106

Алматыда кәріз құбырлары жаңа тәсілмен тазартыла бастады

«Алматы Су» мекемесі желілердегі қалдықтарды жоятын заманауи техника сатып алыпты

Алматыда кәріз құбырлары жаңа тәсілмен тазартыла бастады

Алматыда кәріз құбырлары жаңа тәсілмен тазартылып жатыр. «Алматы Су» мекемесі желілердегі қалдықтарды жоятын заманауи техника сатып алыпты. Соның көмегімен биыл мегаполисте тазартудан өтетін құбырлардың ұзындығы екі есеге артпақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Қазір біздің авариялық бригадамыз диаметрі 500 сантиметрлік кәріз желісін тазалауға келді. Біздің жұмысымыз неден басталады? Алдымен мына кәріз құдықтарын ашып, газдың бар-жоғын тексереміз. Өйткені, құдықта газ болса, мына жұмысшылардың өміріне қауіпті», – деп алдымен жұмыс барысымен таныстырып өтті бригада басшысы.          

Арнайы құрылғы құдықтағы улы газдың мөлшері қалыпты екенін көрсетті. Ендігі жұмыс – кәріз желілерін қоқыстардан тазарту. Қалалық су арнасы қызметкерлерінің айтуынша, Алматыдағы кәріз жүйелерінің 62 пайызының тозығы жеткен. Оған қоса, түрлі қалдықтарды канализацияға тастайтын тұрғындар тағы бар деп налиды. Соның салдарынан кәріз коллекторлары бітеліп, апатты жағдайлардың орын алуына алып келеді. Ал жаңа техника үлкен диаметрлі кәріз құбырларын тазалауда таптырмас дүние деген Бекзат Жақыпов бұл транспортты алғалы жұмысымыз әлдеқайда жеңңілдеп қалды дейді.

«Бұл машина құбырларды үлкен қысыммен тазалайды. Шланга құбырдың ішімен бітеліп қалған тұсқа дейін өзі жүр, қалдықтың бәрін үлкен қысыммен талқандап, бәрін жуып шығарады», – деді «Алматы Су» МКК Суды бұру департаменті солтүстік-шығыс бөлімінің басшысы Бекзат ЖАҚЫПОВ.

Заманауи техника желілердегі жұмыс уақытын оңтайландыруға және қоқыстарды жылдам тазалауға мүмкіндік береді. Жұмысшылардың денсаулығына да қауіп төндірмейді. Олар бұрынғыдай желілерді механикалық тазалау кезінде құдыққа түсіп, қоқыстарды қолмен тазалап жүрмейді. Бұл дегеніміз, экологиялық тұрғыда да қауіпсіз.

Енді алып техника жыл он екі ай қаладағы үлкен арналар мен аулаларды тазарту үшін қолданылады. Көпсалалы техниканың көмегімен биыл мегаполисте 600 шақырым желі тазартылмақ.

«Осы жылғы жоспар бойынша 19 километр су және кәріз құбырларын жөндеуден өткізуді жоспарлап отырмыз. Оның ішінде, кәріз құбырлары 4 километрді құрайды. Алдыңғы жылдары орталықтандырылған көшелерді жөндеуден өткізген болсақ, осы жылы көбінесе аулаларға мән бердік», – дейді «Алматы Су» МКК Қоғаммен байланыс жөніндегі маман Ақбота ЖЫЛЫСОВА.


«Алматы Су» мекемесінің мамандары құбырларды жөндеу барысында ауыз судың өшірілмейтінін айтты. Және көлік жүргізушілер мен тұрғындарға қолайсыздық тудырмас үшін барлық жұмыстар аулалар мен қосалқы көшелерде жүргізіледі.

Тоғжан Жалғасбекқызы, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы




Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир