СҚО-да 4 млн тоннаға жуық астық жиналды

05.12.2023 в 01:01

Өңір әкімі биыл Петропавлда жылумен мәселе болмайды деп сендірді

Солтүстік Қазақстанда 4 миллион тоннаға жуық астық бастырылды. Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов облыстағы ауыл шаруашылық саласы қиындықтарға қарамастан дамып келе жатқанын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

10 айдың қорытындысы бойынша жалпы өнім көлемі 775 миллиард теңге болған екен. Өңір басшысы облыс диқандары үшін қолайсыз ауа райы егін жинауға кедергі келтірсе де, астық тиісті деңгейде жиналғанын айтты.

– Облыс диқандары гектарынан 11,1 центнер өнім алды. Бұл – басқа аграрлық өңірлер арасында ең жоғарғы көрсеткіш. Соның нәтижесінде, егін жинау алқабы ең аз болғанымен, 3,7 млн тонна астық бастырылды. Майлы дақылдар 685 мың гектардан жиналды, – деді СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.  

Бұдан бөлек, өңір әкімі биыл Петропавлда жылумен мәселе болмайды деп сендірді. Ғауез Нұрмұхамбетовтың айтуынша, қаладағы жылу электр орталығын жөндеуге инвестор 12 миллиард теңге бөліпті. Ал оның 1,8 миллиард теңгесі түтін мұржасын жасауға кетеді.

– Мердігер анықталып, жұмыс істеп жатыр еді. Олар 180 метрлік мұржаны көтеруі керек болатын. Бірақ мұржа 36 метрге көтерілген кезде ауытқып кетті, жұмыс тоқтатылды. Бірақ жұмыс кестесі тоқтаған жоқ, – деді Ғауез Нұрмұхамбетов.  

Оқи отырыңыз: Алматыда туристер саны артты