Декларацияда құны 3,5 млн теңгеден асатын қандай жануарларды көрсетуге болады

27.12.2023 22:56

Арнайы салық жүйесі туралы құзырлы орган мамандары хабарлады

elements.envato.com

Активтер мен міндеттемелер туралы жалпыға бірдей декларацияда азаматтар құны 3,5 млн теңгеден асатын асыл тұқымды жануарларды көрсете алады. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті өндірістік емес төлемдерді, жеке тұлғаларды және арнаулы салық режимдерін әкімшілендіру департаментінің директоры Нұржан Қуандықов айтып берді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі іnform.kz-ке сілтеме жасап. 

Жалпыға бірдей декларация жүйесі барлық азаматтардың жеке тұлғаның бүкіл шетелдік активтерін, жылжымалы және жылжымайтын мүлкін көрсететін «кіріс» декларациясын тапсыруына байланысты.

Онда бағалы қағаздар, цифрлық активтер (биткоиндер), үлестік қатысу шарты (тұрғын үйдегі үлес), инвестициялық алтын, зияткерлік меншік және авторлық құқық объектілері, 34,5 млн теңге (10 000 АЕК) шегінде қолма-қол ақша және нотариалды куәландырылған басқа тұлғалармен несие шарттары, шетелдік компанияға қатысу үлесі, шетелдегі жылжымайтын мүлік және көлік, шетел банкіндегі 7,3 мың АҚШ долларынан (1000 АЕК) жоғары ақша көрсетіледі.

- Сондай-ақ активтер мен міндеттеме туралы декларацияда азаматтар құны 3,5 млн теңгеден (1 АЕК) асатын жануарлар мен құстардың асыл тұқымдарын өз қалауы бойынша декларациялай алады. Өсіру немесе пайдалану үшін жануарлар мен құстарды декларациялаудың қажеті жоқ. Ауыл шаруашылығы және үй жануарлары туралы мәліметті мемлекеттік кіріс органдары уәкілетті органдардан алады, - деді Н. Қуандықов Қаржы министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында.

Декларацияны тұрғылықты мекенжай бойынша «Салық төлеушінің кабинеті», «Электронды үкімет» веб-порталдары, «e-salyqАzamat», Halyk, Банк Центркредит мобильді қосымшалары арқылы 2024 жылдың 15 қыркүйегіне дейін тапсыру қажет.

Декларацияны бірінші рет ұсынбағаны үшін ескерту, бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін 51 750 теңге (15 АЕК) көлемінде айыппұл салынады.

Декларацияда толық емес немесе анық емес мәліметтерді бірінші рет ұсынғаны үшін — ескерту, бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін — 10 350 теңге (3 АЕК) көлемінде айыппұл салынады.

Жыл ішінде бірінші рет салық объектілерін жасырғаны үшін — төленбеген салық сомасының 200% мөлшерінде айыппұл, қайталап бұзушылық үшін — 300% айыппұл салынады.

Айта кетейік 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда кезең-кезеңімен жалпыға бірдей декларация енгізіліп келеді.

Биыл екінші кезеңде квазимемлекеттік сектордың мемлекеттік мекемелерінің қызметкерлері және олардың жұбайлары — шамамен 2,1 млн адам декларация тапсырады.

Үшінші кезеңде — 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап декларацияны заңды тұлғалардың құрылтайшылары (қатысушылары), жеке кәсіпкерлік басшылары, сондай-ақ олардың жұбайлары тапсырады (3,9 млн адам). 2025 жылы 13 миллионнан астам адамды қамту жоспарланып отыр.

Оқи отырыңыз: Отшашу атқандарға 69 мың теңге айыппұл салынады