Алматыда аудан әкімдері халық сауалына тікелей эфирде жауап береді

Алматыда аудан әкімдері халық сауалына тікелей эфирде жауап береді
Алғашқы тікелей эфир 11 сәуірде болады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Әкіммен ашық әңгіме». Сізді толғандырған сауалға әкім жауап береді. Бірде-бір сұрақ ескерусіз қалмайды. Сол үшін де, «Алматы» арнасы осы айдың 11-нен бастап жаңа жобаны көгілдір экранға шығармақ. Кез келген көрермен тікелей эфирде өтетін бағдарламаға байланысқа шыға алады. Хат та жолдауға болады. Қысқасы, қаладағы 8 ауданның әкімдері бұқараның барлық базынасын басты назарға алады деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Әкім бол, халқыңа жақын бол»! Жыл сайын жаңа маусымда жаңа бағдарламаларымен қуантатын «Алматы» телеарнасының биыл да тынысы одан әрі ашыла түспек. Көзіқарақты көрерменнің назарына ең мазмұнды әрі тұшымды жобалар ұсынылады. Соның бірегейі – «Әкіммен ашық әңгіме» бағдарламасы. Жарты сағат тікелей эфирде өтетін жоба әр бейсенбі күні кешкі сағат 19:30 да болады. Бұқара толғандырған сауалын телефон арқылы хабарласып қоя алады.

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен аптада барлық шенеуніктің әлеуметтік желіде тіркелуін айтқан еді. Бұл қараша халықтың мұң-мұқтажын бүкпесіз білуге мүмкіндік береді деген еді. Осы ретте, «Алматы» телеарнасына қонаққа келген аудан әкімдеріне халық еш кедергісіз көкейіндегі сауалды қойып, оған жауап алуларына болады.

«Әкіммен ашық әңгіме» бағдарламасы – Қазақстандағы жаңа формат. Нақты сауалдарға, нақты жауап беріледі. Халық пен биліктің байланысы. Мұндай жаңа формат туралы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та айтқан еді. Осы ретте, «Алматы» телеарнасы ашық алаңда өтетін жобаны жүзеге асыруды жөн деп санады. Халықты толғандырған барлық сауал қойылады. Ешқайсысы ескерусіз қалмайды», - дейді «Алматы» телеарнасының бас директоры Болат КАЛЬЯНБЕКОВ.  

Бағдарлама басталмай тұрып, қазірден бастап Алматы телеарнасының сайтына кіріп, толғандырған сауалыңызды қалдырсаңыз да болады. Сұрақтардың өзіне дауыс беру жүргізіледі. Ең өзекті деп танылған бес сауал тікелей эфирде қойылады. Сондай-ақ, WhatsApp желісі арқылы да толғандырған мәселеңізді айтуға мүмкіндік бар.

Ал, көзі қарақты көрерменге былтыр жол тартқан «Ақшам алаңы» бағдарламасы да жалғасын таппақ. 20 минуттық жоба бұқараның билікке айтар бұйымтайын басты назарға ала отырып, қараша халықтың әлеуметтік мәселелерін мейлінше қамтымақ. Өзекті өртейтін, шымбайға батқан шындықты бүкпесіз талқылайтын бағдарлама енді дүйсенбі мен сәрсенбі аралығында кешкі сағат 19:30-да көрсетіледі.

«Ақшам алаңы» бағдарламасында тек қана Алматы аумағында болып жатқан мәселе ғана емес, қоғамда болып жатқан өзекті мәселелер талқыланады. Студияға қонаққа білікті, білгір мамандар келетінене сенеміз. «Әкіммен ашық әңгіме» туралы айтсам, мұны Қазақстан бойынша алғашқы тәжиірбелердің бірі деп айтсақ болады. «Әкім бол, халқыңа жақын бол», - дейтін мақал бар ғой. Сондықтан, меніңше бұл бағдарлама нағыз әкімдерді халқына жақын ететін жоба болады», - дейді бағдарлама жүргізушісі Асқарбек ҚАЗАНҒАП.

Ал қос бағдарламаның эфирде сәтті өтуі үшін режиссерлер техникалық жағынан сақадай сай екендіктерін айтады.  Әсіресе, тікелей эфирде болатын «Әкіммен ашық әңгіме» жобасына қазірден бастап дайындық қызу.

«Бағдарламаның ашық өтуі үшін техникалық жағынан жұмыс істеудеміз. Қарапайым халық WhatsApp мессенджері арқылы тек сұрақтарды ғана емес, сондай-ақ, аудио-видео материалдар жіберсе болады. Біз оның барлығын тікелей эфирде қосуға мүмкіндігіміз бар. Көрерменге барынша ыңғайлы жағдай жасауға тырысамыз», - дейді «Алматы» телеарнасының бас режиссері Павел СКОРОБОГАТОВ.

«Әкіммен ашық әңгіме» бағдарламасы сәуір айының 11-нен бастап тікелей эфирге шығады. Студияның алғашқы қонағы – Алтау ауданының әкімі Шахмерден Рыспаев.

Әйкерім Ердәулетқызы, Влад Шишко «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров