Алматыдағы жазғы лагерьдің екінші ауысымына Арыс қаласынан 75 бала келді. Бүгін оларды сән-салтанатпен қарсы алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Енді алдағы онкүндікте балақайларды қызыққа толы бағдарламалар мен ұмытылмас естеліктер күтуде. Жазғы демалыстарын әсем Алматыда өткізетіндеріне ойын балалары дән риза.
«Пойызда тегін тамақ таратып, келгеннен бізді қошаметтеп күтіп алды. Өте ұнады», – деді бір оқушы.
Жалпы, балалардың барлығы да сапар барысынан өте жақсы әсер алған.
Күні кеше бірінші ауысымды шығарып салған ұйымдастырушылар, балалардың қимастықпен қоштасқанын айтты. Себебі әсем табиғат пен қолайлы жағдайдан бөлек мұнда әр баланың қабілетіне қарай қызықты бағдарламалар жоспарланса керек. Жалпы, осы уақыт аралығында 225 бала жазғы демалысын «Өркен» тынығу лагерінде өткізіпті. Лагерден қайтқан балаларға демеушілер жаңа оқу жылына мектеп формасы мен қажетті құрал-жабдықтар сыйлады.
«12 шілдеден бастап Алматы қаласының әкімдігі тарапынан арыстық балаларды қолдау мақсатында 15 миллион теңге бөлінді. Осының алдында 75 бала келіп 10 күн демалып, кеше 22 шілде күні қайтты. Бүгін тағы екінші ауысымда 75 баланы күтіп алдық. Үшінші ауысым алтыншы тамыз күні басталады деп жоспарланып отыр», – деді Алматы қаласы білім басқармасының бөлім басшысы Нұргүл ТАУ.