Күн өткен сайын «Open Алматы» алматылықтардың негізгі мәселесін қабылдайтын әрі шешетін орталыққа айналып келеді. Мұндай мәліметті, қалалық әкімдіктің қоғамдық қабылдауы беріп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Небары 5 күн ішінде 2300-ден астам алматылық арыз-шағым қалдырған. Оның 1848-і, яғни 80 пайызы «Open Алматы»-ға тікелей, ал қалған 20 пайызы әлеуметтік желілілер арқылы жеткен. Соның ішінде 1589-ына бірден жауап беріліп, 714-і жазбаша түрде қабылданған. Жалпы қабылдауға түскен барлық арыздың 38 пайызы көріктендіруге қатысты. Одан кейін қоғамдық көлік пен жол мәселесі аталған. Мәселен, Алатау ауданының тұрғындары автобустардың жетіспеушілігіне жиі шағымданады.
«Open almaty» қоғамдық қабылдауына түскен шағымдар
(15-19 шілде аралығы)
барлығы - 2 303
колл-орталық - 1 469 (64%)
әлеуметттік желі - 455 (20%)
сайт - 175 (7%)
фронт-кеңсе - 204 (9%)
«Қазір қалаға бірден жете алмаймыз, «Саяхатқа» шығу керек. Басқасына ауысуға тура келеді. Ал, ол – халыққа шығын. Егер осы жерден әуежайға, вокзалға тікелей қатынаса, өте жақсы болар еді», – деді тұрғындардың бірі.
«Вокзалға тікелей автобус болса өте жақсы болатын еді. Әйтпесе, қазір бір автобустан түсіп, екіншісіне отыруға тура келеді», – деді келесі бір тұрғын.
Аудан әкімдігі жуықта бұл шаруаның шешілетінін айтты. «Саялы» ықшам ауданынан «Алматы-1» теміржол бекетіне автобус жүргізу жоспарланып отыр. Тағы бір қоғамдық көлік шағынауданды орталықпен байланыстырмақ. Сондай 92 сауалдың әр бесіншісі көлік жүргізушілерінен түскен. Сауалдардың көбі Шығыс айналма жолымен әл-Фараби даңғылындағы көлік жылдамдығына қатысты.
«Қазірдің өзінде қиын. Керек жерге уақытында жете алмай қаламыз», – деді бір тұрғын.
«Кейде бір жаққа асығып бара жатамыз. Тез жету керек болады. Сондай уақытта әрине қиындау», – деді келесі бір тұрғын.
Ал, үшінші орында энергетика мен коммуналды шаруашылыққа байланысты арыздар алады. Одан кейін жарықтандыру болса, бестікті тұрғын үйге қатысты сұрақтар түйіндеп тұр.
«Open almaty» қоғамдық қабылдауына түскен шағымдар
(15-19 шілде аралығы)
1. көріктендіру - 273 (38%)
2. қоғамдық көлік - 130 (18%)
3. энергетика және коммуналды шаруашылық - 53 (7%)
4. жарықтандыру - 52 (7%)
5. тұрғын үй 39 (6%)