Құрғақ уәде: Жаңақоныс елдімекенінің тұрғындары жылуға жарымай отыр

Құрғақ уәде: Жаңақоныс елдімекенінің тұрғындары жылуға жарымай отыр
Қазір ондағы 200-дей отбасы жалдамалы пәтерде тентіреп жүр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Құрғақ уәдеден шаршадық. Ауылға көгілдір отын беріледі дегендеріне 2 жыл болды. Осылай шағым айтқан Ақтөбе іргесіндегі Жаңақоныс елдімекенінің тұрғындары 4 жыл бұрын салынған үйлеріне газ желісін қоса алмай әлек. Қазір ондағы 200-дей отбасы жалдамалы пәтерде тентіреп жүр. Мәселені айтып, Ақтөбе облысының әкімдігіне бір топ адам жиналды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Үйлеріне газ қосылуын талап етіп, жергілікті әкімдік алдына жиналған жұрт жауаптылар қыркүйекте мәселе шешіледі деп сендірген болатын дейді. Міне, қазан айы болды, іс орнынан қозғалған жоқ, ешкім нақты жауап та бермейді деп шағым айтты.

«Жылу береміз деп уәде етті. Бірақ әлі жоқ. Балалар ауырып жатыр. Былтырғы күйді қайтадан кешеміз ба деп осы жерге жиналып тұрмыз бәріміз. Бізге жылу керек. Былтыр көмір жағып шықтық. Биыл көмір қымбаттады», – деді «Жаңақоныс-4» ауылының тұрғыны Жәния Ерниязова.

«Қалалық, облыстық әкімдікке 3 жыл қатарынан бардық. Біздің талабымыз, бізге газ қосып берсін! Ол газдың бізге уәде етіліп келе жатқанына 2 жыл болды. Биыл 29 қыркүйекте газ дайын болады деген, ал бүгін 6 қазан. Газ жоқ», – деді «Жаңақоныс-4» ауылының тұрғыны Әділхан Әнешов.

Осы ауданнан тиесілі жер телімін кезекпен алғандар бүгінге дейін 300-дей үй тұрғызыпты. Олар газ берілсе, кіруге дайынбыз деп отыр. Былтыр 100 шақты отбасы амалдың жоқтығынан сонда қыстаған екен. Сол кезде көрген қиыншылықты биыл көрмесек деп тілеп отыр жұртшылық.

«Негізінде 2-3 мыңға шығатын еді. Тоқ қосқаннан кейін айына 10 мың теңгеге шығып тұр. Пайдасы жоқ ешқандай. Балалар жататын бөлмеге бір пеш қосып қоямыз. Менің 3 балам бар», – деді «Жаңақоныс-4» ауылының тұрғыны Ырысбек Жәнібеков.

«Жаңақоныс-4» ауылы - Ақтөбенің «Астана» ауданына қарайды. Аудан әкімдігіндегілер де, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміндегілер де бар шаруаны газ реттегіш жәшіктер тежеп тұр дейді. Сендірулерінше, жазда тапсырыс берілген құрылғылар әлі келмеген. Ал мердігерге жұмысты уақытылы аяқтап, тапсырмағаны үшін айыппұл салынатынын айтты.

«Жалпы халықтың алаңдауы дұрыс. Неге десеңіз, уақытында жасалынбай қалды. Оның себебі 200 ГРПШ жетпей тұр. Ресейдегі жағдайларға байланысты»,– деді Ақтөбе қаласы түкш, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Әділбек Танкиев.

Халық биыл да үйлерінде қыстамаса, ауылда жылу құбырларынан түк қалмайын деп тұр. Себебі ұрылар бәрін үптеп кетеді дейді тұрғындар. Ал уәде етілген уақытта газ қосылмаса, мұндағылар жолды жауып тастауға дейін барамыз деп бекініп отыр.

Айман Болатқызы, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров