Бүгін Қазақстан халқы ассамблеясы мен Қазақстан ұйғыр этномәдени орталығы төтенше жағдайдан зардап шеккен арыстық ағайынға гуманитарлық көмек жолдады. Құрылыс материалдары, азық-түлік, киім-кешек және қажетті заттардан тұратын 65 тонна тауар 9 көлікке жүк болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Біз қазір Арыстың жағдайын түсініп отырмыз. Осындай қиын-қыстау жағдайда оларға көмек беру – адами парызымыз. Біз оларға негізінен құрылыс заттарын, атап айтқанда, пеноплекс пен пенопласттар жібердік. Олар үй салғанда аса қажет. Арысқа барлық қазақстандықтар бір жұдырықтай жұмыла көмек беруіміз керек», – деді көмекті ұйымдастырушылар.
«1 қыркүйекте оқу уақытында басталуы керек. Елдің бәрі суық түскенше жылы қоныстарына кіріп үлгеруі керек қой. Міне, бұл –екінші бір үлкен кезең. Біз бүгін сол кезеңді бастадық. Сол үшін арыстық ағайындарға шамамен 67 миллион теңгенің құрылыс материалдарын жіберіп жатырмыз», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚХА кеңесінің мүшесі Шаймардан НҰРЫМОВ.
Арыс қаласында орын алған төтенше жағдай ешбір қазақстандықты бей-жай қалдырмады. Осылайша қазақ елінің татулықты ту еткен, бірлікті бетке ұстаған халық екенін тағы бір дәлелдеді. Көмек қолын созған әр азамат мұны өз міндеті деп біледі.
«Мен өзімнің арыстықтарға көмек акциясына қатысқанымна ризамын. Әр қазақстандық бір-біріне көмектесуді азаматтық борыш деп білуі керек. Ол жаққа Алматыдан шамамен 14 сағатта жетеміз. Күннің ыстықтығына қарамастан біз жолға шықпақпыз», – дейді КАМАЗ жүргізушісі.
Қазір Қазақстан халқы ассамблеясы мүшелері көрсеткен көмектің жалпы сомасы 70 миллион теңгеден асып жығылған. Қоғамдық келісімнің «Қайырымдылық керуені» жалпыұлттық акциясы аясында 100 тонна тұрмыстық заттар мен азық-түлік, балалар киімдері мен төсек-орындар жіберілген.
Азамат Әуезхан, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы