Еліміздегі аса маңызды мемлекеттік нысандардың күзеті күшейтілді

Almaty.tv
Almaty.tv
Сондай-ақ әскери қызметкерлердің моральдық рухын көтеру мақсатында арнайы шаралар әзірленіп жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Еліміздегі аса маңызды мемлекеттік объектілердің күзеті күшейтілді. Ғимараттарға қосымша қарулы бекеттер қойылып, әскерилер ерекше режимде қызмет атқаруда. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мұндай шаралар кешегі қаңтар оқиғасы кезіндегі тәртіпсіздіктен кейін қолға алынып отыр. Сондай-ақ министр әскери қызметкерлердің моральдық рухын көтеру мақсатында арнайы шаралар әзірленгенін айтты. Әскерилер алдағы уақытта қиындыққа шыдау, лаңкестердің соққысы кезінде төзімділік таныту бойынша арнайы тренигтерден өтпек. Ерлан Тұрғымбаев Үкімет басшысына 3 негізгі ұсынысын жеткізді.  

«Біріншіден, әскери даярлықты қамтамасыз етуді арттыру, әскери қызметшілердің моральдық рухын көтеру бойынша шаралар қабылдау керек. Ең алдымен, арнайы бөліністердің материалдық-техникалық базасын нығайту жоспарлануда. Жалпы, материалдық базаны нығайту үшін Үкімет резервінен қаржы бөлінген. Одан бөлек, заң бойынша қызметтік міндетін атқару барысында қайтыс болған қызметкердің отбасына 5 жылдық қызметтік қаржысы және жерлеу үшін 3 айлық өтемақы төленеді», – деді ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.

Сондай-ақ министр Үкімет отырысында лаңкестік оқиға кезінде полиция мен Ұлттық Ұланның 8 қызметкері қаза болғанын және 2911 адамның жарақат алғанын хабарлады. Ерлікпен қаза болғандар ІІ және ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Олардың отбасы мемлекеттің ерекше қамқорлығына алынып, жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті. Ал сарапшылар қаңтар қасіреті жауапкершіліктің жүгін арқалаған жандардың біліктілігі сыналған шақ екенін айтады. Сондықтан Үкімет тарапынан қабылданған шаралар кезек күттірмей жүзеге асырылуы керек деген ойда.    

«Сол кездегі басты міндет – халық қауіпсіздігін қорғап, жағдайды тұрақтандыру еді. Қаңтар оқиғасы еліміздің армиясы мен қарулы күштерін тағы бір мәрте нығайтуымыз керек екенін көрсетті. Сондықтан бүгінгі үкімет отырысында айтылған ұсыныстар маңызды шешім деп білемін. Осы жаңа бағыттар арқылы Жаңа Қазақстанға жол ашылуына сенім мол. Мен мұны біраз жылдан бері ішкі істер органында қызмет еткен маман ретінде сенімді түрде айтар едім», – деді заң ғылымдарының кандидаты Қайрат Кучуков. 

Новости партнеров