Төтенше жағдай: биыл елді елең еткізген елеулі оқиғалар қандай

29.12.2023 23:15

Биыл ТЖМ 2 тікұшақ пен 70-тен астам пилотсыз ұшу аппараттарын сатып алды

Almaty.tv

Биыл Қазақстанда елді елең еткізер оқиғалар аз болмады. Бір жылда екі рет аза тұту күні жарияланды. Болған апаттардан 60-тан астам қазақстандық қаза тапты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазақстандағы ең ірі орман өрті Абай облысында болды. Биыл жазда «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты» аумағында қызыл жалын тұтанып, өртті сөндіру кезінде орман шаруашылығының 14 қызметкері қаза тапты. Жантүршігерлік оқиға бүкіл елдің жүрегін езді. 12 маусым Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды. Жасыл желек өртенген жерге Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тікұшақпен ұшып барып, марқұмдардың туыстарына көңіл айтты.  

– Өкінішке қарай, тілсіз жаумен күрес кезінде азаматтарымыз қайтыс болды. 14 адам қызметтік міндетін атқарып жүріп ерлікпен қаза тапты. Мен жаңа ғана бұл адамдардың туыстарымен кездестім. Өте ауыр әңгіме болды. Жұрт жылап отыр. Үкіметке наразылығын айтып жатыр. Марқұмдардың отбасыларына және жақындарына қайғыра көңіл айтамын,  деді Мемлекет басшысы.

Орман өртінен халық ес жия алмай жатқанда Қарағандыдағы «Қазақстан» шахтасында апат болды. 17 тамызда 227 маман жұмыс істеп жатқан кеніште конвейер таспасы өртеніп, 5 адам қаза болған. Сол кезде өңірде төтенше жағдай жарияланып, алғаш рет Кеншілер күні тойланбады. Араға 1 ай 10 күн салып «Костенко» шахтасында қайғылы жағдай болды. Осы жолы 46 адамның өмірі қиылды. Апатқа байланысты елде жалпыұлттық аза тұту күні жарияланған. Жан тапсырған кеншілердің мәйітін іздеу жұмыстары бірнеше күнге созылды.

Ал қыс бастала салысымен Қазақстанның бес бірдей өңірінде жылумен мәселе шыға келді. Кейбір облыстарда жылы су тоқтап қалды. Дәл осы жағдайдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев шұғыл түрде өңір басшыларымен жиын өткізіп, олқылықтың орнын толтыруды талап етті. Елдегі апаттардың барлығында төтенше жағдай қызметкерлері еңбек еткені рас. Министр Сырым Шәріпханов құтқару бөлімшелері биыл 76 мыңнан астам шақыртуға қабылдап, 22 мыңнан астам адам құтқарылып, эвакуацияланған.

– Азаматтық қорғау органдарының қызметін жетілдіру бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Мемлекет басшысының және Үкіметтің қолдауымен биыл 6 өрт сөндіру депосының, су құтқару станциясының және «Аюсай» бөгетінің құрылыстары аяқталды. Алматыда «Ақсай» және «Қорғас» бөгеттерінің құрылысы жалғасуда, – деді ҚР ТЖМ Сырым Шәріпханов.

Биыл ТЖМ 205-тен астам өрт сөндіру техникасын, 2 мыңға жуық түрлі құтқару жабдықтарын, 2 тікұшақ пен 70-тен астам пилотсыз ұшу аппараттарын сатып алған.

Бұл оқиғалар елді елең еткізіп, қабырғасын қайыстырды. Онымен қоса, жауапты ведомстволардың әлсіз тұсын судың бетіне шығарды. Жұмысшыларына немқұрайлы қарайтын инвесторларға да таяқтың бір ұшы тиді. Отыз жылдан бері пайда тауып отырған мекеменің қауіпсіздігін шетте қалдырған Лакшми Митталмен Үкімет келісімшартты бұзды.  

Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Биыл елімізде қылмыс саны 12 пайызға төмендеді - ІІМ