Алматы облысы Талғар қаласының тұрғыны Ермек Бөгенбаевқа шұғыл көмек керек

Алматы облысы Талғар қаласының тұрғыны Ермек Бөгенбаевқа шұғыл көмек керек
Аудан әкімшілігі Ермекке денсаулығына байланысты бірінші қабаттан пәтер береміз деп уәде беруде
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Сүйек туберкулезіне шалдыққан ол өздігінен жүруден қалған. Көппәтерлі жатақхананың бір бөлмесін  жалдап тұратын Ермектің бар ақшасы пәтер ақысынан артылмайды екен. Бірінші топтағы мүгедектің ең қажетті деген дәрі-дәрмектерді қабылдай алмағандықтан күн санап жағдайы нашарлап барады. Сатып алуға жоқшылық қолбайлау. Қиын жағдайға душар болған азаматтың тіршілігі өте ауыр,  деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Үмітім сөніп барады, бармаған жерім, қақпаған есігім қалмады, бірақ ешкім мойын бұрып қарағысы да келмейді», - деді 1-ші топтағы мүгедек  Ермек БӨГЕНБАЕВ.

«Үмітсіз шайтан» ғана. Ермек Бөгенбаев аяғын басып, жүріп кететіне сенеді. Бес жыл бұрын қимылдауы күрт қиындай бастапты. Бірінші топтағы мүгедек қолы жеңіл, тәжірибелі дәрігер іздеп отыр. Емдеуге қауқарлы деген ақ халаттылар болса қол ұшын созып, жазылып кетуіме көмектессе дейді.

Көз жасына ерік берген Ермек бір жыл бұрын қайтыс болған анасын жиі есіне алады. Арқа сүйер адам барда ауру екенімді білмейтін едім дейді. Қазір оған жаны жұмсақ көршілері ғана демеу. Бір кезде аяғы тайып құлап, орнынан тұра алмай жатқанда жақын жердегі мешіт имамы да мүмкіндігінше қол ұшын созыпты.

Ермектің денсаулығы алғаш 2013 жылы сыр бере бастады. Жанармай бекетінде жұмыс істеп жүргенде суық тиіп дәрігерлерге қаралған. Алғашында менингит десе, артынан сүйек туберкулезі деген диагноз қойыпты. Уақыт өте келе бауыры істен шығып, оған қоса инсульт алыпты. Талғар емханасының өкілдері тиісті құжаттарды әзірлеп, Нұр-Сұлтанға ота жасауға жолдама алған. Бірақ астаналық дәрігерлер жергілікті жердің невропотлогына қаралсын деген нұсқау беріпті.  

«Ол біздің емханаға тіркелген. Терапевт пен невропотологтың бақылауында. Сондай-ақ аптасына үш рет гемодиализ емін қабылдап тұрады», - деді Талғар аудандық емханасының меңгерушісі  Айнұр СӘДУАҚАСОВА.

Ермек Бөгенбаев 2015 жылдан бері үй кезегінде тұр. Мүгедектігі үшін алатын жәрдемақысы ай сайынғы төлейтін пәтер ақысынан артылмайды. Жора-жолдастары киім кешекпен, азық-түлікпен шамалары келгенше көмектесіп тұрады екен. Ал, Талғар ауданы әкімшілігі оның үй кезегінде тұрғанын растап отыр. Бірақ, кезек жылжымай тұрған көрінеді.

«Біз осы жылы көпқабатты алты үйдің құрылысын бастадық. Ол бірінші топтағы мүгедек ретінде үй кезегінде тұр. Алдағы 3-4 жылда пәтерге қол жеткізетін шығар», - деді Талғар ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Жангелді ӨМІРӘЛИЕВ.

Аудан әкімшілігі Ермекке денсаулығына байланысты бірінші қабаттан пәтер береміз деп уәде етті. Егер сізде көмек қолын созғыңыз келсе экранда көрсетілген нөмірге хабарласуыңызға болады.

Қуан Нұрақын, Влад Шишко «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров