Алматы облысына қарасты «Жастар» саяжайының тұрғындары қыста көгілдір отыннан қағылатын болдық деп дабыл қақты. Олардың сөзінше, сол маңдағы жекеменшік шаруа қожалығы жұрттың рұқсатынсыз, заңсыз газ құбырын тартып жатыр. Күйінген халық бұл бассыздықтың ақ-қарасын ажырата алмай дал, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Осылай деп шыр-пыр болған тұрғындар алдағы аязды күндердің қалай өтеріне алаңдаулы. Тұрғындардың сөзінше, өздері қосылып отырған газ желісіне жақын жердегі шаруа қожалығы қосарланып жалғанып алған. Халық мұның заңсыз екеніне сенімді. Өйткені мұндай құйтырқы әрекеттер бұрын да болған дейді жұрт.
«Соған газды біз арқылы тартып жатыр. Былтыр 27 үйден заңсыз қосылған екен. Оны білген «АлматыГазСервис-Холдингтен» заңсыз деп кесіп тастады. Енді келіп бізге екінші құбырды қосып жатыр. Бізге ақша төледік деп айтады. Ақша төлесе, газы біздің жерден өтпесін», – дейді Ащыбұлақ ауылдық округінің тұрғыны Айман Бітімшинова.
Даудың тууына түрткі болған құбырға келсек, бір бағанға екі бірдей құбыр жүргізілген. Мамандар бұл құбырды әлі арнайы қалқанға қоспапты. Газ қалқанына мұнда 60 шақты үй қосылған.
«Бұл өзімізге ғана салынған құрылғы. Ал енді газды анау бәленбай шақырымға тартып кетсе, бәрін сорып алып кетеді де, біз газсыз қаламыз. Қыста онсыз да бізге берген газдың шамасы әрең жетеді. Кейде қыстыңгүні көмір жағуға тура келеді», – дейді тағы бір тұрғын Әділғазы Шыңғысов.
Бұқара айтқан сол шаруа қожалығына бардық. Бетпе-бет кездесуден бас тартқан мекеме басшылығы телефон арқылы түсініктеме берді. Олардың айтуынша, бәрі заңды. Тіпті, құжаттары да бар көрінеді. Ал бір бағанға екі құбырдың орналасуы еш қауіп төндірмейді екен.
«АлматыГазСервистің» құбыры. Соған қосылу үшін біз арыз жазып, ақшасын төледік. Жобаға ақшасын төледік. Бізге олар келісімін берді. Біз олардың құбырына қосылмаймыз. Бөлек, орташа қысымға қосылып, бөлек шығарып қоямыз», – деді мердігер компанияның директоры Бекзат Жораев.
Ал әкімдік өкілдері ауылдағы бұл жағдайдың заң шеңберінде жасалып жатқан-жатпағанынан бейхабар. Тек тексереміз деп құтылды.
«Жастар» саяжай кооперативінің тұрғындарынан учаскелік полицияға арыз жазылды. Енді ары қарай кімнің жүргізіп жатқанын біліп, жобалық сметалық құжаттарын алатын боламыз. Заңсыз болса, онда демонтаж жасайды», – деді Бекзат Жораев.
Енді халық әкімдік тексерісінің нәтижесін асыға күтеді. Жұрттың «ең бастысы – бәрі заң жүзінде болса әрі үйлерге қауіп төнбесе» деген талабы бар.
Назкен Еркін, Жасұлан Өмірзақов, «Алматы» телеарнасы