Елімізде 3 мың жұмысшы 1 млрд теңгеден астам жалақысын ала алмай жүр

Almaty.tv
Almaty.tv
Бұл туралы Премьер-Министр Асқар Маминге депутаттық сауал жолдаған сенатор Андрей Лукин айтты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде 3 мың жұмысшы 1 млрд теңгеден астам жалақысын ала алмай жүр. Бұл туралы Премьер-Министр Асқар Маминге депутаттық сауал жолдаған сенатор Андрей Лукин айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сенатордың дерегінше, еліміздегі 50 кәсіпорында еңбек етіп жүрген жұмысшыларға төленбеген жалақының жалпы сомасы 530 миллион теңгеден асып кеткен. Сондай-ақ, 190 қызметкер жұмыс істейтін 16 кәсіпорынның қарызы 115 млн теңгеге жеткен. Оны болашақта да төлеу мүмкін емес көрінеді. Ал 1300-ден астам адамды жұмыспен қамтыған, әйтсе де жалақы қарызы жарты миллиард болған тағы 34 кәсіпорынның еңбекақы төлеуге мүмкіндігі бар екені белгілі деді.

«Әлеуметтік шиеленістер мен еңбек қақтығыстарының қаупін бақылау мүмкіндігін қарастыру, әр кәсіпорын үшін әлеуметтік тұрақтылық индексін анықтау, оларды шешудің нақты шараларын әзірлеумен әр проблемалы кәсіпорынның жағдайын бағалау және жұмыс істеп тұрған қала құраушы әрі ірі кәсіпорындарға айрықша көңіл бөлу керек. Олардың жағдайы аймақтардағы саяси-әлеуметтік ахуалға әсер етеді. Сондай-ақ, жалақы бойынша берешектің өсуіне жол бермеу үшін еңбек келісімшарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесін қолдану қажет», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Андрей Лукин.

Ал сенатор Бақытжан Жұмағұлов өзінің Үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында еліміздің білім беру жүйесі Кембридж моделіне көше отырып, оны практика жүзінде сараптамадан өткізбегенін айтты. Оның атап өтуінше, қажетті зерттеулер, әдістемелік кешенсіз, оқу бағдарламаларын жаңа тұжырымдамаға сай қайта құру, жаңа мазмұнмен толықтыру жағдайында жүргізілмеген. Барлық мектеп бағдарламаларының мазмұны өте қысқа мерзімде қайта жаңғыртылды деді.

«Оқулықтар асығыс, үстірт жазылды, жыл сайын үш сынып осы жүйеге көшірілді. Авторлар мен сарапшылардың жеткілікті деңгейде дайындығы мен айтарлықтай тәжірибесі болмады. Әрі оқу пәндері қалыптасқан модельге сәйкес келмеді. Осылай оқулықтардың құрылымы мен мазмұны түбегейлі өзгеріске ұшырады. Оның салдары қазір көрініп отыр. Қоғам оқулықтардың мәтінін, грамматикалық қателерін, безендірілуін, басқа да кемшіліктерді сын тезіне алып жатыр. Сындарлы сынды қабылдау қажет», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бақытжан Жұмағұлов.

Новости партнеров