|
03.07.2024 | 18:53
1120

Шекара тәртібін бұзғандар жауапқа тартылды

Бұл – жыл басынан бері теңіз шекарашылары анықтаған жетінші дерек

Шекара тәртібін бұзғандар жауапқа тартылды Almaty.tv

Маңғыстау облысында шекара тәртібін бұзған ер адам әкімшілік жауапқа тартылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл – жыл басынан бері теңіз шекарашылары анықтаған жетінші дерек. Каспий үстіндегі шегелеп бекітіп берген шекараны қарулы құрылым озық үлгідегі кемелермен жүріп күзетеді. Экипаж тіпті түнгі мезгілде де алыстағыны көре алатын арнайы құрылғымен жабдықталған. Яғни, бейсауат жүрген заң бұзушылар бірден анықталады.

«Түркістан» – шекара қызметіндегі жаңа кеменің бірі. Жанармай қоры теңізде 7 күн жүзуге жетеді. Жауынгерлік техника сағатына 70 шақырым жылдамдықпен жүреді. Қырағы көзді шекарашылар биыл түнгі уақытта шекара тәртібін бұзған бір адамды және теңіздегі қауіпсіздік ережесін сақтамағаны үшін 6 адамды жауапқа тартқан. Сондай-ақ олар Каспийден ұзындығы 300 шақырымдық балық аулайтын ау-құралды жинап алып, 2 мың келілік бекіре балығын теңізге қайта жіберіпті.

«Біз мемлекеттік шекараны күзетеміз. Шекарамызды бұзбақ болған шетелдік азаматтарды құрықтаймыз. Кейбір кезде олар қашпақшы болады. Оларды қуып ұстап, тиісті жазасын береміз. Бізге үлкен жауапкершілік жүктелген. Соны түсініп, бар ынтаммен қызмет атқарып жатырмын», – деді «Семсер» шекара кемесінің команда старшинасы Ерболсын Дүйсенғалиев. 

Ал «Семсер» деп аталатын кеме – шекара қызметінің екінші дивизионына тиесілі. Экипаж бұған дейін бірнеше рет контрабанда және браконьерлік деректі анықтаған. Заңбұзушылықтың бірі былтыр тіркелді. Шекарашылар теңіз арқылы Ираннан есірткі тасыған күдіктінің жолын осы кеменің көмегімен кесіпті. Бұдан бөлек, Каспийдің Қазақстан аумағында балық аулаған Әзербайжан азаматтарын да қолға түсірген.  

«Шекара қызметі толықтай жаңа құрылғылар мен жаңа жабдықтармен жабдықталды. Бүгінгі күні шекара катерін қабылдау жұмыстары жасалып жатыр», – деді  ҚР ҰҚК шекара қызметі 2-дивизион штурмандық флагман маманы Жалғас Ықсатов.

Қазір еліміздің теңіз шекара флотында елуден астам әртүрлі мақсаттағы су көлігі бар. Флот құрамы биыл тағы екі кемемен толығады. Ал ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, заңсыз балық аулауға жергілікті тұрғындар да жиі баратын көрінеді. Жыл басынан бері аталған дерек бойынша үш адамға қатысты қылмыстық іс қозғалыпты.

Оқи отырыңыз: Көкшетауда 10 жастағы батыр ТЖМ медалін алды

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир