Алматы облысында 200-ге жуық жер телімі қауіпті аймақта тұр

Almaty.tv
Almaty.tv
Топырақтан зардап шеккен екі отбасы да қазір жамау-жамау үйдің бұрышында күнелтіп жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысында 190 жер телімі құлауы мүмкін. Оларды «Қазселденқорғау» қызметкерлері қауіпті аймақтардың тізіміне енгізіп, дабыл қағып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ақпанның аяғында аяқ-асты жар құлап топырақ басып қалған Бесағаштағы екі үйдің жағдайы әлі ретке келмеген. Себебі қабақты тегістеуі керек болған мердігерлердің биікке шығуға батылы бармаған.

«Тендердің нәтижесі шықты, ұтқан компания мердігер жұмысын істемейді. Жалпы тендерге 12 адам қатысты. Бұл аймақты 2006-2007 жылдары сатып жіберген», – деді Бесағаш ауылдық округінің әкімі Ернар Жүнісов.

Ал бұдан былай таулы аймақта жер телімін беруге рұқсат берілмейді.

«Әуелі құлаған топырақты реттесе, содан кейін үйді жөндеп беретінін айтты. Үйге қалай кіреміз, білмеймін?» – деді зардап шегуші Бақыт Орынтайқызы.

Ал топырақ опырылған аймақта тағы 18 үйге де қауіп барын мамандар ашық айтып отыр. Өйткені кей тұрғындар жер учаскелерін кеңейту мақсатында жыраларды жасанды топырақпен толтырып, үй салған көрінеді.

«Таулы аймақ болған соң жаңбыр көп жауады. Сол кезде қауіп те күшейеді. Әрине жауапкершілік болуы керек. Бірақ көп адам бұндай қауіптің барын білмейді. Осы жерді сатып алғанда ескертіп, ешкім де түсіндірмеді», – деді Бесағаш ауылының тұрғыны Баянсұлу Қараманова.

«Талғар ауданына келетін болсақ 43 опырылу қауіпі бар участок бар. Соның біреуі – Бурабай шағынауданындағы Баянауыл көшесі. 2018 жылы Көлсай көлдерінде, 2017 жылы Талғар қаласының Түйетау аймағында апаты жағдай орын алған», – деді «Қазселденқорғау» ММ Талғар өндірістік пайдалану бөлімінің басшысы Махамедин Беделбеков.

Топырақтан зардап шеккен екі отбасы да қазір жамау-жамау үйдің бір бұрышында күнелтіп жатыр. Кейбірі уақытша пәтер жалдап қалаға кетіпті. Ал апатты аймақта алдын-алу жұмысын жүргізіп жатқан жұмысшылар бүгін-ертең бітпейтінін ашып айтты.  

Әлібек Шынтемір, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров