Сең қозғалды. Атыраудағы қоқыс орындарының тазаланбай жатқанына қатысты арнамыздан өткен бейнематериалдан кейін жергілікті әкімдік мәселені қолға алды. Сасық иіске тұншыққан тұрғындардың шағымынан соң, қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына 1 мың 135 тонна қоқыс шығарылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әкімдік өкілдері ай сайын құқық қорғау органдарымен бірлесіп, өз бетімен қоқыс төгу орындарын қалыптастырған тұлғаларды анықтап, жауапкершілікке тарту бойынша рейдтік шаралар өткізеді. Әрі полициямен, мемлекеттік органдармен бірге облыс аумағында экологиялық құқық бұзылмауын қадағалайды. Бүгінде «Арнаулы автобаза» қызметкерлері күнде 62 бірлік техниканы тұрмыстық қалдықтарды жинауға қолданады.
– Күнделікті 22 техника шығып жатыр. Оның ішінде 14 трактор, 20 самосвал бар. 350 жұмысшы жұмыс атқарып жатыр, – деді «Арнаулы автобаза» ЖШС директоры Алмаз Ізтілеуов.
Ал облыстық Экология департамент өкілдерінің айтуынша, өңірде рұқсат етілмеген қоқыс орындарының саны жыл санап азайып келеді. 2021 жылы мұндай 153 жер болса, биыл олар 107-ге дейін қысқарған. Бүгінде қалада орналасқан 61 қоқыс төгу орнының рұқсатсыз пайда болған 54-і толықтай жойылды. 1 учаске қаланың қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны болса, алтауы – карьер.
–Экология министрлігімен «Ғарыш ұлттық компания» АҚ арасында келісімшарт негізінде жыл сайын елімізде космостық мониторинг жүргізіледі. Мақсат – заңсыз қоқыс қалдықтардың орнын анықтау. Биылғы космостық түсірілім нәтижесінде облыс бойынша 107 заңсыз қоқыс орны анықталды, – деді Атырау облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Сырым Тілегенов
Айта кетейік, биыл абаттандыру ережелерін бұзған 6 мың 575 дерек анықталды. 1 мың 544 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал азаматтардың өтінішіне жедел жауап беру үшін 109 жедел желі қызметі үздіксіз жұмыс істеп тұр.
Мадина Оқас, Фархад Тәжібаев, «Алматы» телеарнасы, Атырау
Оқи отырыңыз: Атыраулықтар қоқыстың тазаланбағанына наразы