Қазақстанда жол-көлік апаты азаймай тұр. Күре жолдарда күніне кем дегенде 5-6 адам қаза табады. Мұндай жантүршігерлік статистиканы Премьер-министр келтірді. Үкімет отырысында Әлихан Смайылов саладағы олқылықтың бірқатар себебін атап берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Статистикаға сүйенсек, жол-көлік оқиғаларының 73 пайызы елдімекендерде болады екен. Вице-министр оның төрттен бірін жаяу жүргіншілерді қағып кетумен байланыстырды. Марат Қожаевтың дерегінше, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау облыстарында жерүсті және жерасты жаяу жүргіншілер өткелдері жоқ. Бұл жолдағы қауіпсіздікке кесірін тигізіп жатқанын жеткізді. Жолдағы апат жиі болатын өңірлер көшін Алматы қаласы мен Алматы, Жамбыл, Түркістан, Жетісу облыстары бастап тұр.
– Биыл апат көрсеткіші төмендеді. Жол-көлік оқиғалары 13%, жарақат алғандар 16% төмендеп, қаза тапқандар саны азайған. Осылайша, 2 мыңға жуық адамның өмірі мен денсаулығын сақтап қалдық. Дегенмен Алматы қаласында, Алматы, Жамбыл, Түркістан және Жетісу облыстарында апат деңгейі жоғары, – деді ҚР Ішкі істер вице-министрі Марат Қожаев.
Жолдағы қозғалыс қауіпсіздігін бақылау жүйесіндегі жағдай да мәз емес. Күре жолдардың бойына қаптаған бейнекамера орнатылғанымен, апатты азайту мүмкін болмай отыр. Олқылықпен Үкімет басшысы да таныс. Әлихан Смайылов елдімекендердегі істемей тұрған құрылғыларды қайта ретке келтіру қажет екенін айтты. Республикалық маңызы бар автожолдарда аппараттық-бағдарламалық кешендерді пайдалану керек деп тапсырды.
– Биыл жол-көлік оқиғалары мен зардап шеккендердің саны біршама төмендегенін атап өтті. Десе де, жол үстінде күніне орта есеппен 5-6 адам қаза табады. Әр цифрдың артында қаншама жанның өмірі мен денсаулығы тұр. Өкінішке қарай, бізде көлік жүргізу мәдениеті мен тәртіп деңгейі өте төмен. Біз жолдағы құқық бұзушылықтар үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікті қатаңдатып келеміз. Соған қарамастан, полиция жол бойында мас күйде рөлге отырған және бұрын көлік жүргізу құқығынан айырылған мыңдаған жүргізушіні ұстайды, – деді ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы жүргізуші куәлігін алу тәртібін күшейтуді тапсырды. Ол үшін жүргізушілерді өздігінен оқытуды жою мәселесі де қарастырылып жатыр. Тиісті министрлік емтихан тапсыру ережесіне 65-тен астам өзгеріс енгізіпті. Мұнымен қоса, бұл процесс енді ашық түрде жүргізіледі. Көлік тізгіндеуге ниетті адамның білім-білігі онлайн-трансляция арқылы бақыланады.
Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматы көшелерінде «қауіпсіздік аралдары» пайда болды