«Бақытты отбасы – Алматы» қайырымдылық қорына 58 млн теңге жиналды

«Бақытты отбасы – Алматы» қайырымдылық қорына 58 млн теңге жиналды
Қор қаржысының басым бөлігін қалталы кәсіпкерлер аударса, қалғаны мемлекеттік қызметкерлердің бір күндік жалақысынан түскен
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Бақытты отбасы – Алматы» қайырымдылық қорына 58 млн теңгеден астам қаражат жиналды. Оның басым бөлігін қалталы кәсіпкерлер аударса, қалғаны мемлекеттік қызметкерлердің бір күндік жалақысынан түскен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сондай-ақ, қарапайым тұрғындар да қорға қолдан келгенше тиын-тебенін аударып жатыр екен. Жиналған қаржы тұрмыс тауқыметін тартқан және көпбалалы отбасыларға көмек көрсетуге жұмсалады. Аталмыш қорда арнайы комиссия құрылған. Олар «Бақытты отбасы – Алматы» қорынан көмек сұраған адамдарды іріктеп, мұқтаждығына қарай қайсына қанша теңге көлемінде жәрдем берілетінін шешеді.  

«Қордың шешімі бойынша, жанұяға тікелей ақша берілмейді. Мысалы, үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізу керек болса, жөндеу жүргізіп береміз. Егер азық-түлік керек болса, бір дүкенмен келісіп, азық-түлікті сол дүкен арқылы сатып алып, апарып береміз. Сондай ғана көмек болады. Осы күнге дейін 69 адам көмек сұрап келді. Сол 69 адамның 19-ы Алматының тұрғындары, қалғандары өзге өңірлерден келген», – деді «Бақытты отбасы – Алматы» қайырымдылық қорының төрайымы Гүлназ АХМЕТОВА.

«Бақытты отбасы – Алматы» қайырымдылық қорынан жәрдем тек тұрақты тіркеуі бар қала тұрғындарына қарастырылған. Көмекке мұқтаж отбасылар қайырымдылық қорға жүгінуі үшін арнайы арыз жазып, құжаттарын өткізуі тиіс.  


Новости партнеров