Алматыда «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 5 мыңға жуық қала тұрғыны қаражатты ұтымды басқаруды үйренген. AMANAT партиясының қолдауымен жүзеге асқан бастама азаматтардың қаржылық сауаттын арттыруға бағытталған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бүгінде жоба аясында қарапайым азаматтармен қатар, түрлі мекемелер сұраныс білдіріп, мамандарды 5 күндік оқудан өткізуді қолға алынды. Бостандық ауданында өткізіліп жатқан кезекті оқу курсының легі медицина қызметкерлеріне арналған.
– Біліміміз болса да, қаржылық сауатсыздығымыз өте жоғары екен. Ақшаны қалай тиімді пайдалануға болады? Өзекті мәселе деп ойламын. Қазақстан халқына қажет, себебі 70-80 пайыз тұрғынның несиесі бар, – деді акушер-гинеколог Тойдық Утарова.
Халықтың қаржылық сауатын арттыруға бағытталған бағдарлама былтыр пилоттық жоба ретінде бастау алған. Курсқа қатысушылары ақысыз заңгер қызметіне жүгіне алады.
Айта кетейік, жыл соңына дейін мегаполисте 12 мың адамға білім беру жоспарланып отыр. Курсқа қаржылық сауаттылығын арттырғысы келетін, кәмелет жасына толған кез келген азамат өтініш білдіріп, қатыса алады.
– Оқыту барысында әр қатысушы отбасылық бюджетін жоспарлауды, шығынын қалай азайтуды, сонымен қатар несиесін мерзімінен бұрын өтеуді, депозиттің шарттарымен танысуды, алаяқтық мәселесіне тосқауыл қоюды білетін болады, – деді AMANAT партиясы Бостандық аудандық филиалының төрағасы Тынышқали Сәбен.
Оқи отырыңыз: Тең қоғам: Алматыда әлеуметтік қолдау орталығы ашылды