Қызылордалық әулет бір ғасырдан астам уақыт сабақ беріп, шәкірт тәрбиелеп келеді. Даниловтар отбасының мүшелері өмірін ұстаздыққа арнаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алтынай Жұмайқызы – есту қабілеті нашар балаларға арналған №137 арнайы балабақшада 15 жылдан аса қызмет етіп келеді. Оның әжесі Сафура Берістемова 40 жыл бойы Қызылорда облысында бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істеген. Ал ата-анасы музыкадан сабақ береді.
– Кішкентайымнан ата-анамның балаларға тәлім-тәрбие беріп жатқанын көріп өстім. Ұстаздық еткен қатты ұнайтын. Менің бала күнгі арманым – мұғалім болу, – деді тәрбиеші Алтынай Жұмайқызы.
Тәрбиешінің айтуынша, балалармен ортақ тіл табысып қана қоймай, олардың психологиясын түсіне білу маңызды. Ол педагог-дефектолог ретінде баланың дамуына үлес қосып келеді. Алтынай Жұмайқызы – мұғалім ғана емес, аяулы жар, екі қыздың анасы.
– Мен анамның жолын жалғап, бастауыш сынып мұғалімі болғым келеді. Өйткені маған балалармен жұмыс істеген қатты ұнайды. Анамның жұмысына барып, көріп жүрмін. Көпшілік балалармен тез тіл табасатынымды жиі байқайды, – деді отбасы мүшесі Риана Сүлейменова.
Даниловтар отбасы түрлі білім байқауында, конкурста топ жарып, жүлделі орындарды иеленіп жүр. Бір жастағы қызы Мединаның тәрбиесімен айналысып, үйде отырған ана жұмысқа оралуды асыға күтеді.
Рүстем Айткәрім, Амина Үсенова, Әлішер Ерғалиұлы, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Queen University-2024: Алматыда сұлулық байқауының мәресіне жетті