|
08.05.2019 | 06:52
11730

Жеңілдікпен үй алғандар талаптарды бұзса, баспанасыз қалуы мүмкін

Мамырда «Нұрлы жер» бойынша 1300 көпбалалы отбасы қоныс тойын тойлайды

Жеңілдікпен үй алғандар талаптарды бұзса, баспанасыз қалуы мүмкін baiterkdevelopment.kz

Бүгін Үкіметте аз қамтылған және көп бала тәрбиелеп отырған отбасыларды баспанамен қамту мәселесі талқыланды. Мемлекет қолдауымен үй алғандар тиісті ережені орындамаса, баспанасынан айрылып қалуы мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Қазақстанда бүгінде 340 мың көпбалалы отбасы болса, солардың 31 мыңы үйге құжат тапсырған. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Нұрлы Жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында мамырдың басынан бері жалдамалы немесе сатылмайтын пәтерге 249 отбасын орналастырған. Айдың соңына дейін тағы 1300 пәтердің кілтін табыстамақ.

«Жалдамалы пәтерде көпбалалы отбасылар қанша тұрғысы келсе де өз еркі. Ешкім оларды шығармайды. Бірақ коммуналдық төлемді 6 ай төлемесе, мемлекет мүлкін әдейі бұзса, қиратса, оған көршілері наразылық білдірсе немесе жалдамалы пәтерді ыңғайына қарай жоспарын өзгертіп, хостел, дүкен қылып алса, онда тұрғындардың үйді босатуына тура келеді», – дейді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары Қайырбек ӨСКЕНБАЕВ.

Мемлекет 2025 жылға дейін 40 мың көпбалалы отбасыны жалдамалы пәтермен қамтамасыз етпек. Бұл – жыл сайын осындай санаттағы 6000 жанұя үйлі болады деген сөз. Сонымен қатар, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» де аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға жылдық мөлшерлемесі - 2, алғашқы жарнасы - 10 пайызды құрайтын несие береді.  

«Нұрлы Жер» ішіндегі «Бақытты отбасы» бағдарламасына ілігу үшін отбасында әр адамға шаққандағы табыс 42 500 теңгеден аспауы тиіс. Мәселен, бір үйде алты адам болса, онда оның жалпы табысы 255 мың теңгеден аспауы қажет. Сондай-ақ, жеңілдетілген несие алу үшін жеке басына және онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне өтінім берген күнде баспанасы болмау керек», – дейді «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы Ләззат ИБРАГИМОВА.

Бұл бастама еліміздегі қалалардың ішінде бірінші рет Алматыда енгізілді. Қазірге дейін 344 отбасы банкке өтінім жіберген. Оның 330-ы мақұлданыпты. Алдағы уақытта әкімдік 44 отбасының есеп шотына 1 миллион теңге көлемінде сертификат түрінде қаржы жібермек.

Естеріңізге салсақ, жағдайы төмен, аз қамтылған отбасыларды үйлі ету жолын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының 18-съезінде айтқан еді. «Әлеуметтік қамқорлық» бағдарламасында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Үкіметке 40 мың жалдамалы пәтер құрылысын қолға алуды тапсырған болатын.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир