Кәмелетке толмаған азаматтар қайда жұмыс істей алады

 Almaty.tv
Almaty.tv
Келісімшарт 16 жасқа толғандармен ресми түрде жасалады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жазғы демалыс басталысымен көше кезіп, саудамен айналысатын, мейрамханаларда даяшы болып жүрген жасөспірімдер жиі кездеседі. Мамандар жылдан-жылға еңбекке араласатын жастар көбейіп, нәпақа табу үшін ауыр, денсаулыққа қауіпті жұмысқа баратындар да бар деп алаңдап отыр. БҰҰ-ның дерегіне сүйенсек, әлемде 73 миллионнан астам бала қауіпті еңбек түрімен айналысады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазіргінің балалары жастайынан ақша табудың жолын іздейді. Демалысын тиімді өткізуді қалайтын әрі өз қажетіне қаражат тапқысы келетін оқушылар түрлі салада өзін сынамақ болады. 17 жастағы Азат та еңбек жолын дәл осылай даяшы болып бастаған. Жасөспірім оқу мен жұмысты қатар алып жүр. Жақында ол еңбек келісімшартына қол қойып, ресми түрде әлеуметтік қызметкер атанды.

– Мектепке барып жүргенімде жарты күн жұмыс істейтінмін, енді 8 сағаттық жұмыс кестесіне көштім. Қажетіме ақша тауып жүрмін. Әзірге 100 мыңдай жалақы аламын. Мен Instagram жүргізіп, тауар тасумен айналысамын, – деді әлеуметтік қызметкер Азат Болатұлы.

Баланы мектеп жасынан еңбекке баулыған дұрыс. Бірақ олардың қауіпсіздігіне кей жұмыс берушілер селқос қарап, жазатайым жағдайлар да болып жатады. Заң бойынша жасөспірімдерге атом электр стансалары, цемент өндiрiсi, электр энергетикасы салаларында жұмыс істеуге қатаң тыйым салынған. Кәмелетке толмағандардың екі қолға бір күрек табуына мүмкіндік жасау үшін 2021-2025 жылдарға бағытталған кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы жүзеге асып жатыр. Ол үшін еңбек етуге ниетті жастар жұмыспен қамту орталықтарына барып, өтініш қалдыруы керек.

– Үкімет тарапынан жұмыс берушілерге де, жұмыс іздеп, жұмыс істегісі келетін адамдарға жақсы мүмкіндік беріліп отыр. Кәмелет жасына толмаған балалармен тығыз жұмыс істеуге дайынбыз. 30 АЕК мөлшерінде 12 ай жұмыс істейді, қолма қол ақшаларын алып отырады, – деді әлеуметтік мекеменің меңгеруші Мадина Қобдалиева.

Бұғанасы бекімеген балаларды еңбекке тартпас бұрын жұмыс беруші Денсаулық сақтау басқармасы мен Еңбек және әлеуметтік қорғау департаментінің келісімін алуы шарт. Келісімшарт 16 жасқа толған азаматтармен ата-анасының жазбаша рұқсаты арқылы жасалады.

– 12 маусым Халықаралық балалар еңбегінің ең нашар түрлерімен күрес күні болып саналады. Оның ішінде балалар базарда ауыр жүк тасыған немесе көшеде көлік жуған, тіптен оларды құлдықта ұстаған деректер кездесіп жатады. Қазақстан балалар құқығын қорғау конвенциясына және бірқатар халықаралық факультативті хаттамаға қол қойған. Еліміздің құқықтық нормативтік актілерді. нормаларды талап етеді, – деді заңгер Гүлшара Сапарова.

Еңбек кодексіне сәйкес, келісімшарт 16 жасқа толған азаматтармен ресми түрде жасалады. Алайда 14-15 жастағы жасөспірімдер де шығармашылық мамандықтарға тұра алады. Еңбек комитетінің мәліметіне сүйенсек, кәмелетке толмағандардың құқығын қадағалау үшін мониторинг жүйелі түрде жүргізіліп отырады. Сонымен қатар қазіргі таңда сенім телефондары  бар.

– Аталған іс-шаралардың нәтижесінде 2022 жылы Атырау, Қарағанды және Шымкент қалаларында Еңбек заңнамасын бұзған 3 факт анықталды. Ал Алматы қаласында бір дерек тіркелді. 2005 жылғы азамат ойын-сауық кешенінде даяшы болып жұмыс істеген, – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі комитетінің бас сарапшысы Самал Жұмағазиева.

Еңбек министірлігінің ақпаратына сүйенсек, жуырда кәмелетке толмаған азаматтарға рұқсат етілетін жұмыс тізімі әзірленіп, мүдделі мемлекеттік органдармен қарастырылып жатыр.

Әйкерім Пернебек, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Ақтаудан өртеніп жатқан пәтерден үш бала құтқарылды

Новости партнеров