Таразда жағажайдағы демалыс орны ақылы болмақ

Almaty.tv
Almaty.tv
Оны құрылысы 3 жылға созылған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Таразда 3 жылға созылған жағажайдың құрылысы бітер емес. Жоба бойынша инвестор аумақтың жартысына аквапарк салып, қалған бөлігін халық тегін демалатын жағажай салуы керек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Зербұлақ көлі өткен ғасырдың 70-жылдары салынған. Бұл орын – Тараз халқы демалатын су айдынына айналған. Бірақ 2021 жылдан бері көлдің суы тартылып, құрғап жатыр. Жоба бойынша барлық жағдайы жасалған жағажай былтыр ашылуы тиіс еді. Бірақ 3 жылдан бері өзгерген ештеңе жоқ.  

– Көлдің жағдайы нашар. Кезінде су болған, қазір жекенің қолына өтті, – деді қала тұрғыны Рүстем Нұржаубаев.

Су айдынындағы құрылыс жуырда қайта жанданған. Бірақ құрылыс алаңында екі техника мен бірнеше адам ғана жүр. Ал бастапқыда тегін болады делінген демалыс орны ақылы негізде жұмыс істейтін болған.

– Ақылы болса, халық келе алмайды. Бәрінің жағдай бірдей емес. Ал тегін болса, халық көп келеді. Үлкен-кіші, немере, шөбере осы жерге келеді, – деді қала тұрғыны Шамғон Қайыпов.

Ал қала билігі жобаның уақытылы аяқталмауын құрылыс барысында туындаған қиындықтармен байланыстырып отыр. Инвестор көлдегі қамыс пен қоқысты түгелдей шығарып, табанына тас толтырған. Енді оны тегістеп құм төсемек. Ал су таза болуы үшін 9 ұңғыма пайдаланылмақ. Аталған жұмыстарға бас-аяғы жарты миллиард теңге жұмсалған. Сондықтан демалыс орталығының ақылы болуына қала билігі де қарсы емес көрінеді.

– Мемлекет тарапынан ешқандай қаражат жұмсалып жатқан жоқ. Келушілер үшін автотұрақ алаңы, құмда қыздырынып, демалатын мүмкіндік бар. Оның бәрі кәсіпкердің есебінен жасалады, – деді қала әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил.

Жауаптылар жағажай құрылысы шілдеде аяқталып, ел игілігіне беріледі деп сендірді. Демалыс ақылы болғанымен, 18 жасқа дейінгі балалар айдынға тегін шомылса, әлеуметтік статусы барларға 50 пайыздық жеңілдік қарастырылыпты.

Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, «Алматы» телеарнасы, Тараздан

Оқи отырыңыз: Елімізде су тасқынынан 18 мыңнан астам баспана бүлінген

Новости партнеров