Алматыда фашистік концлагерьде тұтқында болған 27 ардагер тұрады

Almaty.ty
Almaty.ty
Бүгін зұлмат жылдары жазықсыз шейіт болған жандарды еске алды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда фашистік концлагерьде тұтқында болған 27 ардагер тұрады, деп хабарлайды Almaty.ty тілшісі.

Бүгін ардагерлер фашистік лагерь тұтқындарын босату күніне орай 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағындағы мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды. Зұлмат жылдарда жазықсыз шейіт болғандарды еске алды. Шараны ұйымдастырған ҚХА «Соғыс балалары» атты қайырымдылық акция аясында қарияларға азық-түлік себеттері мен 5 мың теңгелік сертификат үлестірді.

«Бұл күнді ешқашан ұмытқан емеспіз. Тыл ардагерлерін де ұмытқан жоқпыз. Бұл акциямыз әлі де жалғасады. Бүгінгі шараға 27 адамның 9-ы келді. Бірақ бәріне арнайы себеттер мен сертификат таратып бердік»,– деді қалалық ҚХА аналар кеңесінің төрағасы Махинур Исраилова.

11 сәуір – фашистік концлагерлерге қамалған азаматтардың азаттық алған күні. Бұл дата ЮНЕСКО шешімімен әлемнің барлық елінде атап өтіледі. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Германия жерінде түрлі қинау лагері болғаны мәлім. Онда миллиондаған адам медициналық тәжірибелердің құрбаны болған. Адамдар аса жауыздықпен азапталған. Соның арасында жас балалар да көп болған екен. Сол азапты күндерді басынан кешкен ардагерлер бүгін өз естеліктерін әңгімелеп берді.

«Бәрімізді лагерьге жіберді. Біреуді суға батырды, енді біреуді отқа салды. Бізді Латвияға жер аударды. Ол кезде жасым 4-те еді. 4 жыл тұтқында болдым. Көрмеген қорлығым жоқ. Осы азапты келер ұрпақ, балалар көрмесін. Әлемде соғыс болмасын, аспанды бұлт шалмасын», – деді ардагер Светлана Карасёва.

Новости партнеров