Баламның тыныс алуы қиындап кетті: ұлының еміне қаржы жинаған ана көмек сұрайды

22.05.2023 22:54

Әлиханның еміне кем дегенде 60 мың АҚШ доллары қажет

Almaty.tv

«Баламның тыныс алуы қиындап, тамақтанудан қалды». Осылай деп шырылдаған ана редакциямызға хабарласып, көптен көмек сұрады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Әлихан қатарластары секілді тәтті кәмпит жеп, балмұздақтың дәмін тата алмайды. Жейтін азығы тамағына тірелген екі түтікшеден ғана өтеді. Себебі осыдан 9 ай бұрын ол маргенец ерітіндісін жұтып қойған. Жедел жәрдем келгенше бүлдіршіннің аузын сумен шайса да, сілекейімен тамағына өтіп кеткен.

– Жуындырып жатқанда марганец ерітіндісінің қақпағын ашып, аузына салып жіберіпті. Жанында әкесі болған, байқамай қалыпты. Бірден жедел жәрдем шақырдық, олар бізді ауруханаға алып кетті. 3 апта бойы балам жансақтау бөлімінде жатты. Өздігінен тамақтана алмайды, ішек жолы күйіп кеткен. Тыныс алуы да қиын, – деді анасы Альбина Бейсенғалиева.  

Қазір Әлиханға ас қорыту және тыныс алу жолының күйіп кету диагнозы қойылған. Алайда отандық медицина бүлдіршінді емдеуге қауқарсыз. Себебі денсаулық жағдайы нашарлап, 4-дәрежеге өтіп кеткен.

– Мен бұл балаға қойылған диагнозбен таныспын. Менің қабылдауымда болған. Өте ауыр жағдай. Әлиханға осы уақытқа дейін 2 ота: бірі - ас қорыту жүйелеріне, екіншісі тыныс алу жолдарына жасалды. Екеуі де қатты зақымдалған, – деді тәуелсіз сарапшы Айгүл Медеуова.

Ата-ана баласына дауа іздеп, өз бетінше шетелдік клиникаларға құжат жіберіп көрген. Артынша израильдік клиникадан шақырту алыпты. Алайда Әлиханның емі кем дегенде 60 мың АҚШ долларын қажет етеді екен.

– Мен өзімнің әлеуметтік желідегі парақшамда халықтан көмек сұрап, қор аштым. Алайда қаражат өте баяу жиналып жатыр. Туған-туыстарымыз, достарымыз, таныстарымыз көмектеседі. Бірақ мұндай соманы жинау біз үшін қиынға соғып тұр. Тіпті 60 мың АҚШ долларынан да көп ақша қажет болуы мүмкін, – деді анасы Альбина Бейсенғалиева.

Бейсенғалиевтер отбасы «Алматы» телеарнасының қайырымды көрермендерінен көмек сұрайды. Егер Әлиханның еміне қаражат жинауға қол ұшын созамын деген жанашыр жандар болса, ата-анасының шотын қалдырдық.

Гүлмарал Изатқызы, Мерует Көнеева, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы