Жыл сайын көктем шыға шуға айналатын мәселенің бірі – топырақ ұрлығы. Даладан ұрлап қалада сататын пайдакөстер Алматы облысындағы жазықтарға ауыз салған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматы облысындағы Кемертоған ауылының маңы құнарлы қарашірікке бай. Сондықтан болар бос жатқан аумақтың бәрі қазылып, көкмайсаны әбден қопарып тастаған. Тұрғындардың айтуынша, бұл – топырақты заңсыз өндіретіндердің ісі.
«Тракторларымен келіп қазады. ЗИЛ-дермен алып кетеді. Бетін қазып алып, сатып жатқан сияқты. Басқа не үшін алады? Оны әкімдік білмесе, мемлекетке керек болып тазалап жатса белгілі. Топырақты әркім қазып, сата беруіне болмайтын шығар», – деді тұрғын Ербол Орымбаев.
Үйдің құрылысын жуырда ғана аяқтаған Ербол дайын асқа тік қасық болғандардың қылығы «нағыз ұрлық» екенін айтады. Себебі керек кезде топырақтың өзін қымбатқа сатып аласың. Одан бөлек, қара жерге ауыз салғандар ауылдың бергі бетін де, арғы жағын да қазып тастаған көрінеді.
Топырақ ұрылары бос жазыққа түнде де түседі екен. Экология департаментінің дерегіне сүйенсек, өткен жылы облыс бойынша жер қойнауын заңсыз пайдалануға қатысты 97 дерек тіркеліпті. Бас пайдасын ойлағандар қазір көбіне құрылыста қолданатын топырақты алып жатыр.
«Көбінесе мұндай фактілер өзен-көлдердің бойындағы, жағалауларындағы құм-қиыршық тасты, одан кейін заңсыз құм өндіру дерегі көп тіркеледі. Зиянды жағы жер бедерінің беткі қабатын бұзады. Яғни, құнарлы қабатын құртады. Флора мен фаунаның дамуына кері әсерін тигізеді», – деді Экология департаментінің бас маманы Данияр Өмірбеков.
Табиғат жанашырлары өткен жылы ұрыларға жалпы 15 миллион теңгеден асатын айыппұл салынғанын айтты. Топырақты заңсыз өндіретіндерге ары кетсе әкімшілік хаттама ғана толтырылады. Бірақ жауапты мамандар рейд жұмысын жүргізуді жалғастыра бермек.
Оразай Нұртайұлы, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы