|
16.01.2024 | 18:34
1659

Ақмола облысының тұрғындары жарыққа жарымай отыр

Мәселеге жауапты мекеме – Ақмола электр желілік үлестіру компаниясы

Ақмола облысының тұрғындары жарыққа жарымай отыр Almaty.tv

Ақмола облысына қарасты Шұбар ауылының тұрғындары жарыққа жарымай отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Аядай ауылда екі күннің бірінде қара түнек орнайды. Боран ұйытқып, кішкене жел соқса болды, бірден жарық өшіп қалады. Тұрғындар «электр энергиясы бір сөнсе, сағаттап, тіпті кейде тәулік бойы қосылмайды» дейді.

– Жел соққан күні жарық өшеді. Көпшілігі пеш жағып отыр. Оның моторы күйсе, бала-шаға суық үйде отырады, – деді Шұбар ауылының тұрғыны Нұрқаш Ыбыралиев.

Жарық мәселесін халық бірнеше жылдан бері айтып келеді. Бірақ нәтиже жоқ. Тұрғындар айтып тұрған мәселеге жауапты мекеме – Ақмола электр желілік үлестіру компаниясы. Жарық жиі сөніп қалатын Шұбарда желілердің дені ескіріпті. Жаңасының өзі қатты дауылға шыдас бермейтін көрінеді.

– Біз бұрылыстағы жоғарғы кернеудің астындағы үйде тұрамыз. Үйді салып бастағанда, ол болмаған. Кішкентай балаларымыз бар, қорқамыз. Негізінен, рұқсат етілмеген, – деді Шұбар ауылының тұрғыны Әйгерім Бейсембаева.

Жетім баланың күйін кешкен шұбарлықтар шырылынан әкімдіктегілер хабардар. Ал ауылға жауапты әкімді халқы танымайды. Сөйтсек, ақ жағалы ағамыздың ауылда төбе көрсетуі сирек екен. Астанаға тиіп тұрса да, тұрмысы оңалмаған халыққа әкім былай деп басу айтты.

– Электр жарығы боран, аязға шыдамай, сөніп жатыр. Оған қызметкерлер түнде шыға алмады. Мен оларды қорғап тұрғаным жоқ. Үкімет те, Президент те біледі, жүйенің бәрі ескірген. Соңғы болған апатта өзім жүрдім, – деді Қызылсуат округінің әкімі Оразбай Сәлменов.

Шұбарлықтардың шырқын бұзған тек жарық мәселесі ғана емес. Аядай ауыл тұрғындары қыс түссе тіршілік нәрінен де тарығып қалатын көрінеді. Ал көктем болса, мына жол да ауылдағы ағайынды әбігерге салады. Езілген балшықтан аяқ алып жүру мүмкін емес.

Мыңнан аса халқы бар ауылға жедел жәрдем көлігі де ауадай тапшы. Балтыры сыздап, ауыра қалса, бұқара бас қалаға қатынайды. Әкімге айтқан мәселенің бірі – осы.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Ақмола облысынан

Оқи отырыңыз: Электр энергиясының құны қымбаттауы мүмкін

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир