|
19.08.2022 | 18:36
2313

Алматыда қоғамдық орындарда түкіріп, мәдениетсіздік танытқандарды не күтіп тұр

Оғаш қылық танытқандарды «Сергек» бейнебақылау камерасы анықтайды

Алматыда қоғамдық орындарда түкіріп, мәдениетсіздік танытқандарды не күтіп тұр ulysmedia.kz

«Енді саябақ пен қоғамдық орындарда түкіріп, әдепсіздік танытқандардың суреті әлеуметтік желіде жариялануы мүмкін. Қоғамға зиян келтіргендерді осылайша масқаралап, олармен күресуіміз керек» дейді Денсаулық сақтау экс-вице-министрі Қамалжан Надыров. Тіпті дәрігерлер болса, көшедегі түкірік кесірі қауіпті ауруларға әкелуі мүмкін екенін айтып дабыл қағып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

 

Жер-жерде орынсыз түкіретіндерге қатысты жазаның күшейетіні туралы сөз болғаны сол еді, қоғамда үлкен пікірталас туды. Бастапқыда бұл ұсынысты елордалық мәслихат депуттары көтерген еді. Кейіннен оны қолдайтындар көбейді. Алматы қалалық мәслихат депутаты Сергей Пономарев те әріптестерінің бұл ойы орынды деп отыр. Айтуынша, бұл тыйымды заңнамалық деңгейде бекіту керек.

«Сайранда, Атакент, Панфилов көшелерінің бойында түрлі әдепсіз қылықты көріп, ұяласың. Қала әкімдігінің айтуынша, биыл Алматыға келетін туристер саны 2 жарым есеге өскен. Қазақстанның мәдени астанасы әлемге несімен танылады? Тротуарлардағы кеуіп қалған түкірікпен бе? Менің ойымша, бұл әдеттен арылу керекпіз», – деді қалалық мәслихат депутаты Сергей Пономарев.

Депутаттардың ұсынысы алматылық тұрғындарға да ұнаған секілді. Олар көшеде оңды-солды түкіретіндерді жазалауды бұрыннан қолға алу керек еді дейді.

«Иә. Түкірмеуге, қоқыс тастамауға келісемін. Шетел дамып кеткен ғой. Ол жақта мысалы далада аяқ-киімімен көшеде де, үйлерінде де аяқ киіммен жүреді. Өйткені, таза көшелері. Бізде қоқыс», – деді қала тұрғыны Жанар Сапарбек

«Гигена деген бар. Балаларға да жаман. Неше түрлі аурудың бәрі осы түкірікпен жұғады ғой. Сол үшін мен оған қарсы емеспін. Тазалық та сәлде болса түзеледі», – деді қала тұрғыны Айнұр Асанова.  

Ал дәрігерлер жерге түскен түкіріктен келер қауіп көп деп отыр. Себебі адамның ауыз қуысында түрлі бактериялар шоғырланады. Кесірінен қоршаған ортаға түскен сілекей кеуіп, ондағы вирустар ауаға тез тарайды. Қауіптілігі сол, туберкулез секілді қатерлі ауруды да осы жерде жатқан түкірік арқылы жұқтыру мүмкін екен.

«Олар қалай тарайды? Біздер жүрген кезде шаң-тозаңмен көтеріледі. Басып, оны киімімізбен, аяқ киімімізбен басып үйге алып келеміз. Кейде «қалай ауырып қалдық» деп ойлаймыз. Түкірік, қақырық, қоршаған ортаға таралуында біздің адамзаттың ауруына үлкен ықпалын тигізетінін айтып өтуіміз керек», – деді И. С. Жекенова атындағы қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Тамара Утағанова.

Бұған дейін саябақтар мен қоғамдық орындарда мынандай «Қоқыс тастауға болмайды», «Шемішке шағуға тыйым салынған» деген белгілерді байқап жүрміз. Енді олардың қатарына дәл осындай «Түкіруге болмайды» деген белгі де орнатылуы мүмкін. Енді саябақтарда оңды-солды түкіріп, әдепсіз қылық тынытқандар оңай құтылмайтынын айтады. Олар үшін айыппұлдың көлемі артады, жаза түрі қатаңдатылады.

Бұдан былай, қоғамдық орындарда оғаш қылық танытқандарды Сергек бейнебақылау камерасы анықтайды. Құрылғы енді тек жолдағы ережені ғана бақылап қоймай, қала халқының жүріп-тұруын да тексеретін болады. Осылайша, кімде-кімнің тәртіпсіз қылығы байқаусызда камераға түсіп қалса, артынан қомақты көлемде айыппұл арқалайды.

Ұлағат Арғын, Дидар Исаев, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров

Прямой эфир