|
23.04.2019 | 18:36
1619

Нұр-Сұлтанда торттан уланғандар саны 13 адамға жетті

Кондитерлік цех иесіне 460 АЕК көлемінде айыппұл салынуы мүмкін

Нұр-Сұлтанда торттан уланғандар саны 13 адамға жетті

«Happy Cake» кондитерлік дүкендер желісінің тортынан уланған 13 адамның 10-ында сальмонеллез қоздырғышы анықталды. Бұдан бөлек, кондитерлік цехтың өндірістік жабдықтарынан ішек таяқшалары табылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Осыдан бір апта бұрын елордада бір отбасының 6 бірдей мүшесі торттан уланып, жұқпалы аурулар ауруханасына түскен болатын. Бірер күннен кейін «Happy Cake» тортынан улану жағдайы тағы да тіркелді. Бүгінде уланғандар саны 13 адамға жетті. Олардың оны ересек адам болса, үшеуі кішкентай бала. Зертханалық зерттеу барысында бүкіл отбасы мүшелері зардап шеккен торттан Salmonella Enteritids таяқшалары табылған. Аталған ауру қоздырғыштары «Птичье молоко» және «Наслаждение» балкүлшелерінен анықталыпты.

«Қазіргі кезде жұқпалы аурулар ауруханасында 8 науқас жатыр. Бұдан бөлек, 5 адам амбулаторлық ем қабылдауда. Зертханалық тексеру нәтижесінде 6 адамның ағзасынан Salmonella Enteritidis қоздырғышы анықталып, гастроинтестиналды үлгідегі сальмонеллез диагнозы қойылды. 4 науқасқа клиникалық-эпидемиологиялық орташа ауырлық деңгейдегі, гастроэнтероколитикалық түрдегі сальмонеллез диагнозы қойылды. Сондай-ақ, екі зардап шегушіге орташа ауырлық деңгейдегі энтероколит диагнозы қойылды. Тағы бір науқастың диагнозы әлі анықталу үстінде», - дейді Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Сәдуақас БАЙҒАБЫЛОВ.

Бұдан бөлек, тексеріс барысында «Наполеон», «Молочная девочка», «Шоколад-банан» торттарынан да ішек таяқшалары табылған. Сондай-ақ, кондитерлік цехтың төрт қызметкерінен стафилококк қоздырғышы анықталып отыр. Олардың екеуі – кондитер. Улануға технологиялық стандарттың дұрыс сақталмауы себеп болған дейді маман.    

«Құс жұмыртқасын қолданар алдында мұқият зарарсыздандыру қажет. Себебі ол аса қауіпті өнім болып табылады. Жұмыртқадан ауру туғызатын микроорганизмдерді, оның ішінде сальмонелла вирусын жұқтыру қаупі өте жоғары. Сондықтан «Птичье молоко» тортына тауық жұмыртқасынан жасалған ақуыз кремін дайындау кезінде талаптарды сақтаған жөн», - дейді С.Байғабылов.

Бүгінде зертханалық тексерістің қорытындылары түгел сотқа жіберілді. Егер санэпидемиологиялық талаптардың бұзылғаны дәлелденсе, кондитерлік цех иесіне 460 АЕК көлемінде айыппұл салынуы мүмкін.

Салтанат Нысанбек, Жігер Бабақанов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир