Алматыда 42500 теңгелік әлеуметтік төлемді алып, бүгінде оның игілігін көріп жатқандар көп, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сондай жандардың бірі – Вера Рымханқызы. Ол еліміздегі төтенше жағдайға байланысты жұмысын уақытша тоқтатуға мәжбүр болған. Көпбалалы ана базарда жиһаз сатады. Қалада базарлар жабылып, саудаға шектеу жасалған соң амалсыз үйде отыруға тура келіпті. Оның сөзінше, алынған төлем барлық шығындарды өтемесе де, төрт баланы азық-түлікпен қамтуға жеткен.
«Азық-түлікті күндегісін күнде сатып аламыз. Он күндік азық-түлікті алып кіргізіп алдық. Аз да болса да, осы 42 500 теңгеге алдық, Аллаға шүкір. Біраз күндік нанымызды кіргізіп алып, бала-шағамыз қуанып, сүтін ішіп, әйтеуір жақсы болып қалдық. Нәпақасы ғой балалардың. Рахметімізді айтамыз!» – деді көпбалалы ана Вера РЫМХАНҚЫЗЫ.
Вера Рымханқызына 42500 теңге өтініш бергеннен кейін бір аптаның ішінде түскен. Өзін-өзі жұмыспен қамтитын азамат ретінде бірыңғай жинақтық төлемді төлепті. Ал келесі кейіпкеріміз Индира Итеғұлова жалғызбасты ана әрі жұмыссыз ретінде тіркелген азамат. Үш бала өсіріп отырған ол «карантин кезінде қаржыдан мүлде қысылдым» дейді.
«Тіпті наныма да ақшам болмай қалды. Шынымен де, соңғы ақшамды БЖТ төлеу үшін жұмсап, 42 500 теңгені алдым. Күнделікті тамақ үшін дүкенге 23 мыңдай қарыз болдым. Сол қарызымды бердім. Сосын 18 мың теңгеге азық-түлік алдым. Иогурт, қант, сүт дегендей...», – деді қала тұрғыны Индира ИТЕҒҰЛОВА.
Қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының мәліметінше, 240 мыңға жуық адамның арызы мақұлданбаған. Оған көбіне арыз берушілердің тиісті нұсқаулықты дұрыс орындамауы себеп.
«Біршама кісілер мәліметтерін қате берген және БЖТ кеш төлеп немесе кейін төлеп ерте арыз берген. Сондықтан қателер бар. Оның ішінде ҚР аумағынан шығып кеткен азаматтардың, қайтыс болған азаматтардың да берген өтініші бар. Қазір бізде қайтару жұмыстары жүріп жатыр», – деді қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысының орынбасары Данияр ӘЛКЕБАЙҰЛЫ.
Жалпы Алматы қаласы бойынша 42500 теңгені алуға 830 мыңнан астам адам өтініш берген. Оның 360 мыңынан көбі аталмыш көмекті алған. Қалалықтарға берілетін қаржының жалпы сомасы 15 млрд 3 миллион теңгені құрап отыр. Бұл сома ары қарай да ұлғаяды. Себебі төлемге өтінім қабылдау әлі жүріп жатыр. Ал жалпы республика бойынша бұл жәрдемақыны алуға 6 млн 300 мыңға жуық адам арыз беріп, оның 3 миллионнан астамына 42500 теңге берілген.
Назкен Еркін, Дина Жанабекова, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы