Тәртіпке бас иген құл болмайды. Алматыда «Жігер» республикалық әскери-патриоттық лагері өз жұмысын бастады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Аты айтып тұрғандай тынығушыларды елін сүюге, жан-жақты дамытуға бағытталған шара үш күнге созылады. Осы уақыт аралағында әскери өмірдің дәмін татып, елімізге танымал қоғам және мәдениет қайраткерлерімен кездеседі.
«Қоғам талабы – жастарды жан-жақты болуға итермелеу. Сол мақсатта жастарды жан-жақты тәрбиелеудеміз. Сонымен қатар, әскери-спорттық ойындар өтеді. Жеңімпаздарына міндетті түрде сыйлықтар табыстайтын боламыз. Автоматты шашып-жинау секілді эстафеталар да ұйымдастырылады. Қоғам және мәдениет қайраткерлері: Ардақ Назаров сынды, Мұхаметжан Тазабек, Нұржан Жалауқызы сынды тұлғалармен кездесу өткізіледі», – дейді «Алматы жастары альянсы» корпоративтік қорының атқарушы директоры Жасұлан ҚУАНДЫҚ.
Айта кетейік, бұл шара осымен үшінші рет өткізіліп отыр. Лагерьге келген 50-ден астам қатысушы - республиканың барлық өңірінен арнайы іріктеліп алынған әскери-патриоттық клуб пен ұйымдардың мүшелері.
«Бұл шара 2016 жылы Дариға Нұрсұлтанқызының қолдауымен Щучинск қаласында өткізілген болатын. Шоқан Уалиханов атындағы кадет корпусында ол тұңғыш рет өткізілді. 2017 жылы Ақтөбе облысында өткізілген. Енді үшінші рет Алматы облысында «Тау-Тұран» мекенінде керемет таудың арасында өткізіп жатыр», – дейді «Жас сарбаз» қозғалысының төрағасы Бердібек МЕҢДІҒАЛИЕВ.