|
23.05.2019 | 19:17
6951

XVI Еуразия Медиа форумының алғашқы күні ғаламдық мәселелерді талқыға салды

Вместе с алматинскими журналистами Евразийский Медиа форум освещают корреспонденты со всего мира

XVI Еуразия Медиа форумының алғашқы күні ғаламдық мәселелерді талқыға салды

«Қазақстанда сөз бостандығы бар». Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Алматыда ресми түрде ашылған XVI Еуразия Медиа форумында осылай деді.  Осымен он алтыншы рет өткізіліп отырған форум «Бүгінгі əлем: шындық трансформациясы» тақырыбында өтіп жатыр. Халықаралық шараға әлемдік саясатта салмағы бар саясаткерлер жиналған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Форум тек БАҚ саласының мәселелерін ғана талқылаған жоқ, мұнда әлем халықтарының ішінде тамаққа жарымайтыны мен керісінше аста-төк ысырапшылдыққа жол беретін елдері, тұтыну дағдарысының артуы,  адамзатты азғындауы сынды жаһандану дәуіріндегі қиындықтары айтылды.

«Дәстүрлі БАҚ таратын ақпараттың 90-95 пайызы шындыққа жанасады, өйткені онда жауапты тұлғалар болады. Бұлар жаңа технологияны меңгеруге жұмыс істеуі керек. Ал әлеуметтік желілер сапалы контент қалыптастыруға ұмтылуы тиіс. Әйтпесе, онда әзірге тек хаос. Сонда ғана екі ақпарат таратушының арасында сыйластық туады», – дейді  Эстония президенті Тоомас ХЕНДРИК ИЛЬВЕС.

Ал Алматы әкімі Бауыржан Байбектің пікірінше бұқаралық ақпарат құралы - бұл тек журналистік қоғамдастықтың ғана әлемі емес,  қазіргі заманғы қоғамның өмірін айқындап, тілдесудің жаңа мәдениетін қалыптастыратын қуатты ақпараттық институт та. БАҚ-тың барлық адамзатқа ортақ құндылықтарды қоғамдық санаға сіңіруде және таратуда шешуші мәнге ие екенін айтты қала әкімі.  

«Еуразия Медиа форумының талқыланар тақырыбы мен оған қатысушы мамандардың құрамы көңілге зор сенім ұялатады. Қадірлі қонақтар, осындай маңызды да мазмұнды форумның Алматыда өтуі басқа да елдердің үлкен қызығушылығын тудырады. Себебі Алматы – қашанда белсенді азаматтар қаласы. Шаһарымызда 4 мыңнан астам үкіметтік емес ұйымдар және 1 мыңнан астам бұқаралық ақпарат құралдары қызмет етеді», – деді Алматы қаласының әкімі  Бауыржан БАЙБЕК.

Медиа форумда еліміздің ақпарат және қоғамдық даму министрі әлеуметтік желіге қатысты пікірін білдіріп, елде сөз бостандығына қатысты сұрақтардың бар екендігін де айтты. Оның пікірінше, кәсіби журналистикаға сенім барлық уақытта жоғары болады. Өйткені, әлеуметтік желіге қарағанда журналистің материалы жарияланбастан бұрын барлық уақытта да белгілі бір тексеруден өтеді. Сондықтан да журналистика соңғы, әрі ең дұрыс ақпарат көзіне айналады.

«Сіздер осындай форумдар арқылы ғаламдық ауқымдағы сұрақтарға жауап табасыздар. Сұрақ қою арқылы жалпы өздеріңіздің кәсіби біліктіліктеріңізді көтеруге де  мүмкіндік аласыздар.  Жалпы, сұрақ қою, сұраққа жауап беру де – сөз бостандығының кепілі», – деді  ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі  Дәурен АБАЕВ.

АҚШ Өкілдер палатасының мүшесі Уэйн Кертис, Ақ үйдің бас спикері Стив Бэннон, Bloomberg агенттігінің аймақтық директоры Тод Баер, Эстонияның төртінші президенті Тоомас Хендрик Ильвес сынды саясатта салмағы бар ондаған тұлғалар дүниенің бет алысын барлап, пленарлық сессияда сараптама жасады.

Еуразия Медиа форумы – геосаяси,  экономикалық  тақырыптардан бөлек, әлемдік және аймақтық деңгейдегі  өзекті мәселелерді  ашық талқылайтын орын. Тәуелсіз пікір алмасу  платформасы саналатын форумның ертеңгі күн тәртібінде де өзекті тақырыптар қамтылған.  Атап айтқанда, ертең «Блогерлер виртуалды әлемнің рок жұлдызы ма?»,  «Марихуананың ашық сатылуы алдағы уақытта заңдастырылуы мүмкін бе?»,  «Мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасты реттеу тетігі мен сенімнің жоғалуы» сынды үш негізгі тақырыпта сессиялар өтіп,  спикерлер  ойы ортаға салынбақ.

Әмірболат Құсайынұлы, Әсет Құндақбаев «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир