Петропавл тұрғындары пәтер кілтін ала алмай жүр

Almaty.tv
Almaty.tv
Қалада16 нысанның құрылысы мерзімінен кешігіп жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Петропавл тұрғындары бір жылдан бері мемлекеттік бағдарламамен алған пәтеріне қоныстана алмай жүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Пәтер кілтін ала алмай жүрген 20-дан астам адам құрылысы ұзаққа созылған тұрғын үйдің алдына жиналды. Осы күнге дейін баспана ақшасын толық төлеп біткен Сандуғаш Есболатова әкімдікке құжатын тапсырып қойғанын айтады. Бірақ шаруа бітер емес деп налиды.

– Байқау 2022 жылдың маусымында өтті. Ал қазір 2023 жыл шілде болды. Мамыр айында үйдің ақшасын толық төлеп қойдым. 13 маусым күні барлық құжаты әкімдікке тапсырдық. Олар бір апта ішінде бәрі дайын болатынын айтты. Дайын ештеңесі жоқ. Сұрақ қойсақ, жауап ала алмай отырмыз, – деді қала тұрғыны Сандуғаш Есболатова.

9 қабатты тұрғын үй қыс бойы жылусыз тұрған. Тұрғындардың айтуынша, баспана ылғал тартып, сапасы көңіл көншітпейді. Несиеге баспана алған 53 жастағы Нұргүл Хамзина қазір пәтер жалдап тұруға мәжбүр.

– Күнде кілт беретін болған. Мәселені шешуге келгенбіз. Не су, не жылу, не тоқ өткізбеген. Мына үйдің алды жай әдемі істелінгенімен, ішінде ешқандай жағдай жоқ. Әлі құжаты да толық емес, – деді қала тұрғыны Нұргүл Хамзина.

Инженерлік желі тартылмағандықтан үй қолданысқа берілмей тұр. Ал жауапты мердігер компания жұмысты 2021 жылы бастаған. Оған бюджеттен 480 млн теңге бөлінген екен. Серіктестік директоры жұмыс қаржы мәселесіне қатысты тоқтап қалғанын жеткізді.  

– Екі үйдің ауласы дайын. Тек ойын алаңдарын жасап жатырмыз. Элекрт жүйесі басқа жұмыстар 2 айдың көлемінде бітеді. Мен артығымен алып жатырмын. Егер жақсы, қарқынды жұмыс жүріп жатса, бір айға жеткізбей бітіре аламыз, – деді мердігер компанияның директоры Серік Бектұрғанов.

Тұрғындардың шағымын тыңдауға жаңадан тағайындалған Петропавл әкімі де келді. Ол жауапсыз мердігерлердің жұмысын сынға алып, 2 ай көлемінлде барлық жұмысты аяқталады деп сендірді.

– Құжатын осы жұма күні алады. Кілтін келесі жұмада береміз. Ал элекрт тоғын бір аптаның ішінде қосады. Тамыздың ортасына дейін жөндеу жұмыстары толық аяқталады, – деді қала әкімі Серік Мұхамедиев.

Айта кетейік, бұл облыс орталығындағы пайдалануға берілмей тұрған жалғыз үй емес. Петропавлда 16 нысанның құрылысы мерзімінен кешігіп жатыр.

Нұргүл Алина, Қазбек Арықпаев, «Алматы» телеарнасы, СҚО-дан

Новости партнеров