Б. Сағынтаев «Ұлжан-1» ықшам ауданында салынып жатқан кәріздік насос станция құрылысымен танысты

Almaty.tv
Almaty.tv
Су құбыры мен кәріз желілерін жүргізу – Алматыдағы Алатау ауданы тұрғындарын мазалаған басты түйткіл
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Су құбыры мен кәріз желілерін жүргізу – Алматыдағы Алатау ауданы тұрғындарын мазалаған басты түйткіл. Қала әкімінің халықпен кездесуінде дүйім жұрт осы екі мәселенің шешілуін өтінген еді. Тұрғындардың сұрауы бұл жолы да ескерусіз қалмады. Қазір Алатау ауданына қарасты «Ұлжан-1» ықшам ауданында кәріздік насос станция салынып жатыр. Оның құрылысымен бүгін қала әкімі өзі жеке танысты. Одан өзге халықты алаңдатқан жерді заңдастыру мәселесі де рет-ретімен шешіліп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

ГРАФИКА: Алатау ауданындағы заңсыз жер телімдері

930 жер телімі

724 оң шешімін тапты – 78%

206 шешімі тоқтап тұр – 22%

32 –  өз еркімен басып алынған жерлер

17 –  басқа жер пайдаланушылардың жерлеріне қабаттасып орналасқан

145 – өзендер, су қоймалары, каналдардың су қорғау алаптарының шегінде орналасқан

6 –  «қызыл сызық» шегінде орналасқан

6 –  жоғары кернеулі электр тасымалдау желілерінің қорғау аймақтарында орналасқан

Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың Алатау ауданы халқымен кездесуінде ең көп көтерілген сұрақ су құбыры мен кәріз жүйесіне қатысты болған еді. Аудан тұрғындары мегаполис басшысынан өткір мәселелерді тезірек шешіп беруді сұраған болатын.

БЛИЦ:

–  2017 жылы басталған канализация мен ауыз судың жұмысы бітпей, халық шуылдап, міне, соның әсерінен асфальт салынбай, балшықтың ортасында отырмыз.

–  Кәріз бен су жүргізілген. Сол аяқсыз қалды. Сол әр жұмысты аяғына дейін қадағаласаңыз дейміз.

–  Бізге сол келіп тұрған, есігіміздің аузындағы ауыз суымызды кіргізіп беруіңізді өтінеміз.

Нәтижеде бірталай шаруа атқарылды. Ақбұлақ, Құрылысшы, Шапағат, Өжеттегі магистралдық көшелерде су құбырлары мен кәріз желілері тартылып жатыр. Ал «Ұлжан-1» ықшам ауданында 5-6 көшені қамтитын кәріздік-насостық стансаның құрылысы жалғасуда. Оны тамыз айында аяқтау жоспарланып отыр.

«Ұлжан-1»-де кәріздік-насостық станция салынып жатыр. Ол тағы да 5-6 көшені қамтып, жердің өзінің қыртысына байланысты, ақпай қалатын жерлерінде канализационно-насосный станциялар сол суды общий коллекторге алып кетеді», – деді Алатау ауданының әкімі Азамат ҚАЛДЫБЕКОВ. «Жер бедері биіктеу, сондықтан кәріз желілері жұмыс істемеді. Өздеріңіз көріп отырғандай, артта құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Тамыз айына дейін кәріз желісінің насостық станциясын бекітіп, халықты орталықтандырылған кәріз желісімен қамтамасыз ету жоспарымызда бар», – деді қалалық Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының басшысы  Әсет МАСАБАЕВ.

Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев тұрғындармен кездесуінде тағы бір мәселеге ерекше ден қойды. Ол – жерлерді заңдастыру. Бүгінде тек Алатау ауданы бойынша заңдастырылмаған 724 жер теліміне қатысты оң шешім шықты. Ал қалған жерлер бойынша «Қарасу» ықшам ауданынан ауқымды аумақ бөлініп, орын ауыстыру жұмыстары қарастырылуда.

«930 жер тілімі анықталған болатын. Заңсыз үйлерін салып алып, жерлерін заңдастыра алмай отырған. Былтыр сол жер телімдерінің 724-і оң шешімін тауып, жерлерін заңдастырып, қолдарына көк қағаз дейді қазақта, госактілерін алды», – деді Алатау ауданының әкімі Азамат ҚАЛДЫБЕКОВ.

Алатау ауданында әлі шешемін таппаған 206 заңсыз жер тілімі бір. Ол өз еркімен басып алынған жерлер, қызыл белдеу мен су қорғау аумағында орналасқан жерлер. Енді соларды шешу мақсатында осы Алатау ауданына қарасты Қарасу ықшам ауданынан 23,3 гектар жер бөлу қарастырылған.  

Осылайша, Алатау ауданында қала әкімі Бақытжан Сағынтаев тапсырған түйткілдер бірте-бірте шешімін тауып келеді. 9 ықшам ауданда жаңа жол құрылысы жүргізіліп жатса, 6 ықшам ауданы бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленуде.

Сая Меңдеке, Ғани Қалуов, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров