Жуық арада мемлекетке сатқындық жасағандар, екіжүзділік және қорқақтық танытқандар сот алдында жауап береді – Тоқаев

aikyn.kz
aikyn.kz
Қасым-Жомарт Тоқаев Қонаев қаласын маңызды әрі тартымды ету үшін Үкімет тарапынан әкімдікке қолдау көрсетуді тапсырды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жуық арада мемлекетке сатқындық жасағандар, екіжүзділік және қорқақтық танытқандар сот алдында жауап береді. Бұл туралы Алматы облысына жұмыс сапарымен барған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қаңтар оқиғасы туралы сөз қозғаған  Мемлекет басшысы тергеудің әлі де жалғасатынын айтты. Ол сондай-ақ, қазақ тілін саяси ойындарға пайдалануға жол берілмейтінін мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қонаев қаласын маңызды әрі тартымды ету үшін Үкімет тарапынан  әкімдікке қолдау көрсетуді тапсырды. Президент бұл өңірде тұрғын үйлер мен ауруханалар, мектептер мен балабақшалар сынды қажетті нысандар жаппай салынатынын, санаториялық және курорттық аймақтар пайда болатынын айтты. Облыс орталығын экологиясы таза, өмір сүруге қолайлы «ақылды» қала ретінде дамыту қажет екенін, одан бөлек жаңа бас жоспар керегін сөз етті. Айта кетсек, бүгінде Алматы облысы бойынша 396 денсаулық сақтау мекемесі бар. Алдағы 3 жылда тағы 38 емдеу орны салынбақ. Алайда мұның өзі жеткіліксіз деген мемлекет басшысы Үкімет мәселені шешу үшін нақты шаралар қабылдайтынын атап өтті.

Мемлекет басшысы өңірдің көлік-логистика әлеуетін арттыру да басты басымдықтың бірі екенін атап өтті. Одан бөлек, Алматы маңындағы кептелісті азайту мақсатында автожолмен қатар, теміржол желісін дамыту қажеттігін айтты. Бұл өз кезегінде жүк және жолаушы тасымалының көлемін арттырып, бір облыстың ғана емес, тұтас елдің дамуына септігін тигізуі тиіс. Алматы облысы жұртымен кездесуінде Президент тіл мәселесіне де тоқталды.

«Қазақ тілін пайдаланып, саяси ойындар жүргізудің қажеті жоқ. Осындай теріс түсініктер кейбір елдерді қасіретке ұшыратты. Мемлекет қазақ тілін қолдау үшін тиісті шаралар қолданып жатыр. Бұл бағыттағы жұмысты жалғастыра береміз. Өз тілімізді өзіміз ұлықтауымыз керек. Бұл – өте дұрыс. Бірақ, өзге тілден бас тартуға болмайды», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев

«Тәуелсіздік жылдары қоғамда әділдік қағидаты әлсіреп кетті. Азаматтарға әрбір салада бірдей мүмкіндік берілмеді. Осының бәрі жұрттың билікке деген сенімін азайтты» деп сын айтқан Президент бұдан былай бұл істі өз бақылауында ұстайтынын тілге тиек етті. Облыс жұртымен кездесуінде Мемлекет басшысы өңірдегі өндірісті дамытуға және агро сектор әлеуетін арттыру бойынша бірқатар тапсырма берді.

Оразай Нұртай, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров