Алматы әкімі Ерболат Досаев Бостандық ауданы Марков көшесіндегі әл-Фараби даңғылынан Ғабдуллин көшесіне дейінгі су құбыры желілерін қайта жаңарту барысымен танысты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл учаскедегі құбыр 1950 жылдардың соңында пайдалануға берілді. Желілер 100% тозған, тек соңғы екі жылда учаскеде 20 апаттық жағдай болды.
1,2 км су құбыры желілерін реконструкциялау жұмыстары 2023 жылдың тамызында басталып, сол жылдың соңына дейін аяқталуы керек еді. Алайда мердігер ұйым мерзімінде аяқтамады, осыған байланысты компанияны мемлекеттік сатып алудың жауапсыз қатысушысы деп тану туралы сотқа талап арыз берілді. Іс қаралып жатыр.
Құрылыс-монтаж жұмыстары 2024 жылдың наурызында қайта жанданды, 2024 жылдың маусымына аяқталады деп жоспарланған.
Қала басшысы мердігерге мерзімді бұзғаны және міндетіне салғырт қарағаны үшін сөгіс жариялап, «енді жауапсыз мердігерлермен жұмыс істемейміз» деп ескертті.
Ерболат Досаев жауапты тұлғаларға мердігердің міндеттемелердің сапалы әрі уақытылы орындалуын қатаң бақылауды қамтамасыз етуді тапсырды.
Сондай-ақ мегаполис басшысы құрылыс жүргізу кезінде тәртіп сақтамағаны үшін ескерту жасады.
Осы учаскедегі су құбыры желілерін қайта жаңарту 43 көппәтерлі үй мен 6 әкімшілік ғимаратты сумен қамтамасыз етеді.
Жұмыс барысында тұтынушылардың сумен жабдықталуы тоқтатылған жоқ. Жол төсемі қазіргі шарт аясында қалпына келтіріледі. Су құбыры желісін қайта жаңарту «Алматы Су» МКК меншікті инвестициялық бағдарламасы шеңберінде жүргізілді.
Оқи отырыңыз: Алматыда апаттық сорғы станциясы қалпына келтіріледі