Жаздың бірінші айы бітуге жақын, ал жылу орталықтарын жөндеу жұмыстары әлі басталмаған. Кей өңірлерде тіпті кестеден кешігу мәселесі туындаған. Осылай деген Үкімет басшысы елдегі жылыту маусымына дайындықты пысықтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жылда жылусыз қалып, жұртты әбігерге салатын Риддердің жыры қыста тағы қайталанатын секілді. Жылу электр орталығы биыл да жоспарлы жұмысқа салғырттық танытқан. Өндірістік нысандағы №5 қазандықты жөндеу әлі басталмаған. Энергетика министрі «кесте бойынша қазір қызу шаруа атқарылып жатуы керек еді» деді. Алмасадам Сәтқалиев келтірген дерек бойынша, Екібастұз бен Теміртаудағы жағдай да мәз емес.
– Екібастұз жылу электр орталығында жөндеу жұмыстарының басталу мерзімі мамырдан маусымның үшінші онкүндігіне ауыстырылды. Биыл қыркүйекке дейін 4 су жылыту қазандығына жоспарланған жөндеу жұмысын аяқтау қажет. Теміртаудағы екінші жылу электр орталығында Qarmet-тің №1 қазандығын жөндеуді бастау мерзімі маусымнан тамызға шегерілді, – деді ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.
Жұмысты шегергенімен, қысты шегере алмасымыз белгілі. Өңірлердегі бұл олқылыққа Үкімет басшысы алаңдаушылық білдірді. Дайындық барысы баяу жүріп жатқан аймақтарға шырылдауық шегірткенін күйін кешіп қалмауды ескертті. Нақты мерзім – қазанның ортасы. Соған дейін барлық инженерлік инфрақұрылым мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандары сақадай сай болуы керек екенін айтты.
– Айта берсек, мұндай мысалдар көп. Еліміздің барлық өңірінен келтіруге болады. Биыл мамырдың басында Үкімет отырысында жөндеу мерзімін ұзартуға және олардың көлемін азайтуға болмайтынын тапсырғанмын. Алайда оператор «КЕГОК» бекіткен жөндеу жұмыстарының кестесін меншік иелері өз бетінше өзгертуін доғармай отыр. Биыл кестеге 18 рет өзгеріс енгізілген, – деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.
Биыл ұзындығы 20,8 мың шақырым электр беру желісін жөндеу жоспарланған. Қалыпқа келтіріледі деген қатарда 10 энергоблок пен 55 қазандық бар. Алайда ауқымды істі ауыз толтырып айтуға келмей тұр. Себебі кестедегі жұмыстың 25 пайызы да орындалмады. Кешігіп жатқан өңірлер көшін Ақмола, Ақтөбе, Атырау облыстары бастап тұр. Мұнайлы өңір Маңғыстауда да әзірлік төмен. Уақытқа сеніп, жайбарақат жатқан жауаптыларға Үкімет басшысы ескерту берді. Жылыту маусымының жұмысын уақытында аяқтамаған басшыларға қатаң шара қабылданатынын жеткізді.
Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Олжас Бектенов инфрақұрылымның жылыту маусымына дайындығын ерекше бақылауға алуды тапсырды