Елімізде сексенінші жылдан кейін туғандарға зейнетақы тағайындау тәсілі өзгереді. Енді төлем есептелер кезде оларға бұрынғыдай кейінгі үш жылдағы аударым емес, соңғы 25 жылдағы салым ескеріледі, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қазақстанда қазір жасына қарамастан зейнеткерлердің бәрі базалық зейнетақымен қамтамасыз етілген. Бұл төлем түрі енді жаңа тәсілмен төленеді. Ол азаматтардың 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі мен зейнетақы қорындағы жинағына байланысты болады. Қазіргі зейнеткерлер базалық және ынтымақты зейнетақыны қатар алатын болса, болашақта өзгеруі мүмкін.
– Зейнетақы төлемін алу үшін ең алдымен, еңбек өтілі болуы керек. Екіншіден, олардың орташа жалақысы болуы керек. Егер де орташа жалақы болмаса, ең төменгі зейнетақы көлемімен пара-пар алады, – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басқармасы басшысы Марфуға Смағұлова.
Ынтымақты зейнетақыны жинақтаушы қордан төленетін төлем біртіндеп ығыстырады. Қазіргі инфляцияға байланысты базалық зейнетақы төлемі ұлғайып келеді. Көрсеткішті биылдан бастап ең төменгі шекті 5 пайызға көтеру жоспарланған. Демек зейнетақының орташа мөлшері шамамен 130 мың теңге болады.
– Қазіргі зейнетақы төлемі жеткіліксіз. Зейнетаақы төлемін алу жолы өзгереді деп жатыр, оны тиімсіз деп ойлаймын. Тұрақты жұмысы болмаған немесе аударым жасамағандарға қиын. Оларды неге ойламайды? – деді қала тұрғыны.
Қазір елдегі зейнеткерлер жасы шамамен 2,3 миллионнан асады. Қолданыстағы заңға сәйкес, ер азаматтар 63, ал әйелдер қауымы 2028 жылға дейін 61 жасында зейнетке шығады. Жасы және еңбек еткен жылдары үшін зейнетақы төлемдері 9 пайызға өсіп отыр. Бүгінде зейнетақының ең төменгі мөлшері - 57 853 теңге.
Оқи отырыңыз: Медеу ауданында екі жаңа мектеп салынады