Солтүстік Қазақстан облысында ауа-райы күрт бұзылып, жолдарды көктайғақ басты. Салдарынан қала аумағындағы қозғалыс қиындаған. Соңғы екі-үш күнде мұзға тайғанап құлап, жарақат алған адам саны 151-ге жеткен.
Солтүстік Қазақстан облысында қар жауып, күн суытқалы бері жолдағы апат та, ауруханаға келушілер саны да күрт көбейген. Соңғы бірнеше күнде Петропавл қаласының емдеу пунктіне жарақат алып, 30-ға жуық адам жүгінген. Ал облыс бойынша көктайғақ салдарынан 151 тұрғын зардап шекті. Оның 5-еуі ауруханаға жатқызылыпты. Жергілікті жұрт қала ішінде көктайғаққа қарсы ұнтақ себіліп жатқан жоқ деп шағым айтты.
«Өзім жүретін көшемде ешқандай ұнтақ себілген жоқ. Адамдар көктайғақта құлап та жатыр. Біздің жасымыз келіп қалды. Ертең бір жерімізді сындырып алсақ, бізге кім қарайды?», – деді Петропавл қаласының тұрғыны Сәлімжан Қалиев.
«Бір-бірімізден ұстап жүруге мәжбүрміз, өйткені қалада басқаша жүру мүмкін емес болып кетті. Бұл жағдайға әкімдік назар аудару керек. Мен егде жастағы анамды мүлдем сыртқа шығармай жүрмін. Бір жерде сүрініп, құлап қалса не болады?», – деді Петропавл қаласының тұрғыны Елена Аличева.
Тұрғындардың тиісті жұмыстар жасалып жатқан жоқ деген шағымына қарамастан, жергілікті билік қала аумағына құм мен тұз қоспасы себілгеніне сендірді. Бұл жұмысты күнделікті жасау үшін 80-нен астам техника жұмылдырылыпты.
«Күнделікті бізде сағат 20:00-ден таңғы 5:00-ге дейін қарды тазалау бойынша жұмыстар өткізілсе, сағат 10:00-ге дейін жаяу жүргіншілер жолдарын, аялдамаларды тазалау және де құм-тұз қоспасын себу бойынша жұмыс жүргізіледі», – деді Петропавл қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автожолдар бөлімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтолла.
Көктайғақтың салдарынан жол-көлік оқиғалары да жиілепті. Өңірде 4 апат тіркеліп, салдарынан 6 адам жарақат алған. Облыс аумағында 2 автокөлік соқтығысып, оның бірі 18 жастағы қызды қағып өткен. Адам өлімі тіркелген жоқ. Жаяу жүргінші медициналық мекемеге жеткізілді.
«Қазіргі уақытта ауа-райы бұзылып, температураның күрт төмендеуі мен қатқақтың пайда болуына байланысты, жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау қажет. Яғни, көліктерінің дөңгелектерін уақытылы ауыстырып, техникалық жағдайына аса назар аудару қажет. Әсіресе, көлікті жүргізу барысында арақашықтық ережелерін қатаң сақтау қажет», – деді полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы Баян Байғаскина.
Жалпы биыл облыста 258 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан 42 адам қайтыс болып, 365 аадм жарақат алған.
Нұргүл Алина, Жұлдызбек Ермұқанов, «Алматы» телеарнасы, СҚО-дан