Атырауда ауада күкіртсутегі көрсеткіші бірнеше есе өскен. Қала тұрғындары кешелі бері өткір иіске тұншығып отырғанын айтып, көмек сұрайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Атырауда екі-үш күннен бері шаhардағы күкіртсутегінің нормасы әдеттегіден 3-4 есе асып кеткен. Салдарынан тұрғындардың басы айналып, өзін жайсыз сезінген. Бұқара таң сәріден облыстық Экология департаментінің алдына жиналды.
«Мен өзім химик-технолог мамандығы бойынша білім алғанмын. Арнайы қосымша арқылы ауаны үнемі бақылап отырамын. Жағымсыз иістен жағамды ұстадым. Күкіртсутегі нормадан шектен тыс асып кеткен. Ол мұрынды да бітеп тастайды. Соның салдарынан тұрғындар біраз уақыттан кейін иіс те сезбей қалады. Оған ірі компаниялар кінәлі. Мұнай өнімдері біздің денсаулығымыздан қымбат болмауы тиіс. Жауапты департаменттің мониторингті күшейтуін талап етемін», – деді қала тұрғыны Қарлығаш Құдайбергенова.
Ал аймақтың бас экологы лас ауаға ірі өндіріс объектілерінің еш қатысы жоқ деп ағынан жарылды. Жағымсыз иіс қала сыртындағы «Квадрат» булану алаңынан келіп жатқан көрінеді.
«Бүгін желдің бағыты солтүстік батыстан соғып тұр. Жағымсыз иіс «Квадрат» булану алаңынан келіп жатыр. Жалпы қалада күкіртсутегінің нормадан асып тұрғаны рас. Қаладағы жағдайды бақылап отырмыз», – деді облыстық Экология департаментінің басшысы Әлібек Бекмұхаметов.
Халық ауа сапасын жақсарту үшін булану алаңына лас су төгуді шектеу керегін айтады. Сондай-ақ олар мұнай компанияларының да жұмысын жүйелеген дұрыс деп санайды.
«Қазіргі айтып отырған жауаптылардың уәждері дұрыс емес. Күнделікті алаңға қанша лас су төгіліп жатқаны белгілі. Жел тұрса да ол иіс өзгермейді. Бұл жерде анализ жұмысын ретке келтіру керек. Жүйелі түрде "Квадратты" тазалау керек», – деді қала тұрғыны Таңат Нұрымов.
Жағымсыз иістен мезі болғандардың шыдамы таусылған. Олар бұл шаруа бір ізге қойылмаса, бейбіт шеруге де шығамыз деп әлеуметтік желіде жарыса жазып жатыр. Кәріз суы төгіліп жатқан «Квадрат» булану алаңының аумағы 500 гектарға жеткен. Қазір ол жерді тазалауға «Павлодар речной порт» серіктестігі кірісіпті. Жұмыс келер жылы аяқталатын көрінеді.
Жұлдыз Қайратқызы,Фархат Тәжібаев, «Алматы» телеарнасы, Атырау