Президент ұлықтау рәсімінде-ақ мақсатын айқындап, Жарлықтарға қол қойды. Ендігіде Үкімет ауыл шаруашылығын дамытудың 5 жылдық жоспарын құру керек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгінде Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұрады. Президент Үкіметке ауылды дамытуға арналған барлық жобаны жүйелі түрде реттеп, жинақтауды тапсырды. Содан кейін мақсатты түрде тиімді жұмыс жүргізілмек.
«Бізде өкінішке қарай ауыл шаруашылығы қатты дамымады. Бізде көбіне металлургия шаруашылығы. Сондықтан бүгінгі күні бұл басым бағыт. Өйткені бүгінгі күні азық-түлік, бәрі қымбат. Мысалы Ұлытау облысында 19 әлеуметтік азық-түліктің үшеуі ғана бізде шығады. Бұл ет, нан, бидай. Қалғаны бәрі сырттан келеді. Сондықтан азық-түлік тұрақтылығы дамыту өте маңызды», – деді Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғали.
Президенттің Ант беру рәсімінде айтқан тағы бір мәселесі – бизнесті керексіз тексерулерден арылту. Яғни, бұдан былай жеке кәсіпкерлердің жұмысы салық органдарына есеп беру ғана болу керек. Мемлекет басшысының айтуынша, басты міндет – іскер азаматтарымыздың кәсіпкерлік рухына зиянын тигізетін жасанды кедергілер мен шектеулердің бәрін жою. Ірі бизнесмен Александр Машкевич осындай қадамдардан кейін тұншығып қалған бизнес қайта жанданып, бәсекелестік артатынына сенеді.
«Қазақстанда экономика ашық болуы керек. Көптеген кедергілер мен бюрократия болмағаны абзал. Жеке кәсіпкердің еркін жұмыс істеуіне жағдай жасалуы керек. Дәл осындай уәделерді біз Президенттің аузынан көп естиміз. Бұл – мемлекет басшысының стратегиясы деп білем. Сондықтан менің ойымша, Қазақстанда экономиканың дамуының жаңа парағы ашылды», – деді кәсіпкер Александр Машкевич
Ал Мәжіліс депутаты Берік Бекжанов Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру қазірден басталып кеткенін айтты. Ол «Қасым-Жомарт Тоқаев айтып отырған мәселелер – кезек күттірмейтін салалар» деп атап өтті.
«Президенттің сайлауалды бағдарламасын көретін болсаңыз, жалпы экономикаға мемлекеттің қатысуы алдағы жылдарда 14 пайызға төмендету туралы бастаманы көтеріп отыр. Бұл соның алғышарты деп қабылдағанымыз жөн», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Бекжанов.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әділетті Қазақстанда еңбек адамына ерекше құрмет көрсетілуі тиіс. Әсіресе ұстаз, дәрігер, тәртіп сақшысы, құтқарушы, жұмысшы, шаруа сияқты мамандардың мәртебесін одан әрі арттыра түсуіміз қажет деді. Мемлекеттік қызметшілерді барынша қарапайым болуға шақырған Президент жұмысқа адал болуды талап ететінін жеткізді.
Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Астана