|
28.11.2022 | 19:16
3081

Екібастұздағы апатқа кінәлілер қатаң жазаланады

Екібастұзда 370 шақырымдық жылу желісінің 70 пайызы тозған

Екібастұздағы апатқа кінәлілер қатаң жазаланады Almaty.tv

Қақаған аязда қарашаны әбігерге салған Екібастұздағы апатқа кінәлілер қатаң жазаланады. Бүгін Мемлекет басшысы жылу электр орталығында болған жағдайға байланысты осындай пәрмен берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Апаттан соң Екібастұзда Төтенше жағдай жарияланды. 27 қарашаға қараған түні шаһардағы жылу электр орталығында желілік судың шығыны күрт өсіп, төрт бірдей қазандық істен шыққан. Тұтас қаланы жылумен қамтып отырған алып нысан биылғы аяздың күшіне қыс басталмай жатып шыдас бере алмады. Кесірінен қараша халық жарық пен жылусыз қалды.

«Жұмыс тобы құрылды. Құбырлардағы апатты тез арада жойып, жүйедегі температураны ретке келтіріп, тапсыру керек. Бұл көптен жиналған проблема ғой, бір күнде шешу мүмкін емес. Тексеріс жүргізген кезде де құбырлардың ескі екенін көрдік. Төтенше жағдай режимі жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары аяқталғанша сақталады», – деді Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин.

Апаттан кейін қаладағы әлеуметтік нысандар жұмысы да уақытша тоқтады. Барлық білім беру нысандары қашықтан оқыту форматына ауыстырылған. Денсаулық сақтау және білім беру саласынан облыс орталығына 123 адам ауыстырылды. Қиын жағдайға тап болған тұрғындар үшін 12 эвакуациялық пункт ұйымдастырылған. Қала билігінің мәліметінше, оқиға орнында қазір арнайы штаб жұмыс істеп жатыр.

«Бұл іске 100-ден аса адам жұмылдырылды. Температура ақырындап қалыпқа келтіріліп жатыр. Қазір жылу электр орталығында 6 қазандық жұмыс істеп тұр. Тағы үшеуі жедел жөнделіп, резервке қойылды. 2-жылу магистралінде жаңа ақаулар байқалды. Онда қазір жөндеу жүріп жатыр. Барлық керек-жарақ, техника, мамандар араласып жатыр», – деді «Екібастұзтеплоэнерго» ЖШС Бас инженері Денис Скляров.

Дүйім елді дүрліктірген апатқа Президент Қасым – Жомарт Тоқаев алаңдаушылық білдірді. Мемлекет басшысы Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа еліміздің қалаларындағы проблема жиі туындайтын энергетикалық активтерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесін қарастыруды тапсырды. Себебі жүйесіз жұмыс салдарынан жылу электр стансалары апатқа жиі ұшырайды.

«Тұрғындарға тиісті көмек беріледі. Азаматтардың тұрмыс-тіршілігіне қиындық тудыруға және олардың құқын аяқасты етуге жол беруге болмайды. Үкіметке және облыс әкімдігіне таяу күндері Екібастұздағы жағдайды қалыпқа келтіру, қаладағы ауыр ахуалға жол берген адамдарды жауапқа тартуды тапсырамын», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жылу желісіндегі апатқа кінәлі кім, кінәрат неден екен әзірге белгісіз. Арнайы құрылған комиссия ақпарынша, бүгінгі таңда Екібастұзда 370 шақырымдық жылу желісі бар. Оның 70%-ы әбден тозған.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, «Алматы» теларнасы, Астана

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир