Нұр-Сұлтанда жыл соңына дейін көгілдір отынмен 14 мың тұрғын үй қамтылады

Almaty.tv
Almaty.tv
Әкімдік тарапынан газ кіргізгісі келетін халыққа жеңілдіктің бірнеше түрі қарастырылып отыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Нұр-Сұлтанда жыл соңына дейін көгілдір отынмен 14 мың тұрғын үй қамтылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Айта кетейік, бас қалада газдандыру жұмыстары осыдан 2 жыл бұрын басталған болатын. Бүгінде Көктал-1, Көктал-2, Теміржол, 40-станция тұрғын алаптарында бұл жұмыстар толығымен аяқталған. Қазір 650 шақырым газ құбыры салынған.  

«Аталған тұрғын алаптарындағы әрбір үйге газ құбыры әкелініп, құбырдың ішіне газ берілген. Нақтырақ айтатын болсақ, газға қосылу мүмкіндігі 7 мың абонент алып отыр. Интернациональный сияқты бірқатар алқабын іске қосу бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Оларды осы бір айдың ішінде қосатын боламыз», – деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Отын-энергетикалық ресурстар бөлімінің басшысы Мақсат Есмағұлов.

Ал әкімдік тарапынан газ кіргізгісі келетін халыққа жеңілдіктің бірнеше түрі қарастырылып отыр. Барлық үйге құрылғы тегін орнатылады. Әлеуметтік осал отбасылар мен зейнеткерлерге көмек ретінде 270 мың теңге бере алады. Сондай-ақ отандық банктің бірінен тұрғындарға пайызсыз 750 мың теңгеге дейін несие беру келісімшарты бар. Орташа есеппен газ орнату шығындары осындай соманы құрайды. Ал ай сайынғы міндетті төлемі 11-15 мың теңге болады дейді мамандар.  

«Жалпы, елорданы газдандыру 3 кезектен тұрады. 22 мың абонентке газ әкелу жоспарланған. Оның 14 мыңын биылғы жылы орындайтын болсақ, жалпы жобаның 65 пайызы іске асты деп айтуға болады. Бірінші кезектің бағасы 20 млрд теңге тұрады. Қанша кеткені жылдың соңында нақтыланатын болады. Оны игеруіне және қанша жұмсауына байланысты 2,3 кезектің бағасы бекітілген жоқ. Себебі әлі сараптамадан өткен жоқ», – деді Мақсат Есмағұлов.

Новости партнеров