|
12.12.2023 | 08:30
3485

Қар көшкіні: Алматының таулы аймағында бақылау күшейтілді

Қазақстанның кей өңірінде 42 градус аяз болмақ

Қар көшкіні: Алматының таулы аймағында бақылау күшейтілді Фото: Виктор Глуценко

Алматының таулары мен өзен-көлдерінде бақылау күшейді. Қайғылы жағдайларды болдырмау мақсатында құтқарушылар қысқы кезеңге сақадай сай. Ұлттық баспасөз клубында өткен брифингте төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазақстанның кей өңірінде 42 градус аяз болмақ. Синоптиктердің болжауынша, Алматы облысының таулы аймақтарына қалың қар түсуі мүмкін. Соған байланысты төтенше жағдайлар қызметі қысқы кезеңдегі қауіпсіздік шаралары күшейгенін хабарлады.

– Қазір де қауіп бар. Өйткені қыста шаңғы, сноуборд тебетіндер таудың жоғары жағына шығып алады. Сол жақтан түспекші болып, қолдан көшкін жасауы мүмкін. Қауіп төндіруі мүмкін, – деді Құтқару қызметі ШЖҚ МКК авариялық құтқару қызметі бастығының орынбасары Самат Серғазинов.

Сондықтан қыстыгүні тауға шығуды жоспарлағандар жақындарына хабар беріп кеткені абзал. Мамандардың айтуынша, жоғалған адам жылы кезде 3-4 күн шыдауы мүмкін, бірақ аязда бар-жоғы 3 сағатта үсіп, аман қалуы екіталай көрінеді.

– Көктем мен жазда адасқандар 3 күнге шыдайды дегенге сенуге болады. Алайда қыста жоғалғандар 3 сағатқа жетпей, денесін үсік шалып, ажал құшуы мүмкін. Ұзақ жылдық тәжірибемнен сараласам, «аязда тауда адасқан адам аман қалды» дегенді естімедім, – деді құтқару қызметінің еріктісі Ринат Хайбуллин.

Төтеншеліктердің дерегінше, Алматыда аса қауіпті 8 өзен мен тоған бар. Оның көбі шағынаудандар мен тұрғын үйлерге жақын. Ведомство өкілдері онда кезекшілік құрылып, қазірден торуылдап жатқанын айтты.

– 2021 жылы орта жастағы кісі мас күйде көлдің бетіндегі мұз үстімен жүріп, жолды қысқартқысы келген. Алайда ортасына да жете алмады. Мұз опырылып, әлгі азамат суға батып кетті. Аман алып қалып үлгермедік. Бұл– мысал ретінде айтқан бір оқиға. Биыл қайғылы жағдай тіркелмеді. Бірақ қыста балық аулауға немесе қызық көріп көлге келетіндер әлі де бар, – деді ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Есбол Сұлтанов.

Дерекке сүйенсек, биыл Алматы мен Алматы облысының таулы аймақтарынан 200-ден астам адам құтқарылған. Оның 17-сі түрлі дене жарақатын алған. Арасында кәмелет жасына толмаған 12  бала бар. Құтқарушылардың айтуынша, жоғалғандардың көбі шетелдік немесе өзге өңірден келген туристер.

Оразай Нұртайұлы, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматының коммуналдық қызметі күшейтілген жұмыс жүйесіне көшті











Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир