Алматы облысы Жамбыл ауылында көлігі аударылып, газ құбырын қиратқан жүргізушіге қатысты іс қозғалды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Отыз тонна жанар-жағармай тиеген жүк көлігі айып тұрағына жеткізілген. Алматы облыстық Полиция департаменті тергеудің басталғанын хабарлады.
– Жүк көлігінің 33 жастағы жүргізушісі рөлді басқара алмай, магистральдық газ құбырына соғылып аударылғанын хабарлаймыз. Апат салдарынан өрт шықты. Аталған дерек ҚР ҚК 292-бабының 1-бөлігі бойынша тіркелді. Жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК 590-бабының 5-бөлігі, 612-бабының 2-бөлігі, сондай-ақ 610-бабының 1-бөлігі бойынша, ал жауапты механикке де ҚР ӘҚБтК 617-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды, – деді Алматы облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Ернар Сәйділдин.
Ал Жамбыл ауылдық округінің әкімдігі жағдайды бақылауға алған. Автоцистернаның жолдан не себепті шығып кеткенін де белгілі болды. Ал апат салдарынан тоңып отырған халық толық жылумен қамтылғанын айтты.
– «Алматыгаз-сервис холдинг» компаниясы жауапты. Жылу тұрғын үйлерге берілді. Жағдай тұрақты. Көктайғақ, сол себепті тайып аударылып кетті. Жолға тұз себілді, – деді Жамбыл ауылдық округі әкімінің орынбасары Әлібек Сайлыбаев.
Оқи отырыңыз: Қар көшкіні: Алматының таулы аймағында бақылау күшейтілді